Бүгін аудандық "Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы"мен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен облыстық, республикалық көлемде өнер көрсетіп жүрген жайдарманшылармен кездесу өтті.

Аталған шараға «Грант» жайдарман тобының ойыншылары Халиуллин Елжан, Нух Арсен және «Жаңа толқын» жайдарман тобының ойыншылары Қуанғалиев Самат, Нұрышев Азамат қатысты. Кездесу барысында жайдарманшылар алғашқы қадамдары, қызықты сәттерімен бөлісті. Айта кетейік, аталған шараға аудан намысын қорғап жүрген "Біздің уақыт», «Өлеңті», «Фаворит»,"Қарапайым"жайдарман топтары қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Жайдарманшылармен болған сәтті сұхбат барысында арнайы келген қонақтар сценарий жазу,сахнамен жұмыс,көрерменмен байланыс сынды өнер әлеміндегі өзіндік ерекшеліктердің сырын ашып,ойын барысында мінсіз ойнап шығу үшін қандай қасиеттер керек екендігін түсіндірді. Байқағанымыз әзіл әлемінде өзіндік қолтаңбалары бар ойыншылар қазіргі таңда республикалық телевидениеде көрерменге жол тартқан бірнеше бағдарламалардың сценарийлерінің авторлары екендіктерін үлкен мақтанышпен жеткізді. 

"Әзілің жарасса,атаңмен ойна" деген аталы сөз бар қазақта. Дегенмен әзіл арқылы елдегі келеңсіз жағдайларды жеткізіп,халықтың сөзін жеткізу басты орында екендігін бүгінгі кездесу кешінің басты қонақтары біледі. Осы орайда,кейінгі буын өкілдеріне сахна мәдениеті қатаң түрде сақталуы керек екендігін тілге тиек етті. 

Кеш соңында аудандық "Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы" басшысы Нұртілеу Болат пен «Сырым жастары»ЖҚБ төрағасы Сәкен Муса келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, арнайы алғыс хат пен сыйлық табыстады. Өз кезегімізде жайдарманшыларға сәттілік тіледік.