Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімді болу қажеттігі айтылды.

Ауыл халқының медициналық қызметті қалаға сабылмай, ауылда жүріп-ақ алуы бірте-бірте жүзеге асып келеді. Сырым аудандық ауруханасында «Инвиво» («Invivo») зертханасының бөлімі ашылды. Инвиво зертханасы елімізде жоғары сапалы технологиямен жабдықталған зертхана ретінде танымал. Өңірімізде бұл зертхананың бес нүктесі бар, олардың үшеуі Орал қаласында, қалған екеуі Шыңғырлау және Сырым аудандарында.

Ауданда ашылған «Инвиво» зертханасы көршілес Қаратөбе ауданының халқы үшін де қызмет көрсетеді. Кабинетте сынама алатын Бақытнұр Искакова есімді лаборант екі рет арнайы курстан өтіп келді.
Зертхана адамдардың ағзасынан алынатын биоматериал арқылы 600-ден астам талдау жасап, дәрігердің емделушіге дұрыс диагноз қойып, сапалы ем-дом жасауына көмектеседі. Жалпыклиникалық, гистологиялық, цитологиялық, биохимиялық, гормондарды анықтау, иммунологиялық, аутоиммундық, дәрілік заттардың шоғырлануын анықтау, жұқпалы ауруларды зерттеу, құрсақішілік жұқпалар, жан-жануардан, паразиттерден жұғатын жұқпалар, генетикалық, микробиологиялық зерттеулер, антибиотиктерге деген сезімталдық, АҚТҚ/ЖҚТБ, түрлі онкологиялық аурулардың алдын алу, вирустық гепатиттер, ДНҚ, әкелікті анықтайтын тест, аналықты анықтайтын тест, басқа да түрлі зерттеулер ауданда жүргізіле бастады. Қызметі ақылы болғанымен, есесіне, науқастың қалаға бару жол шығыны үнемделеді. Ақы төлеу касса арқылы жүргізіледі. 0-18 жас аралығындағыларға, зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер бар. 

Алынған қан сынамасы Орал қаласына 2 күн сайын жіберіліп отырады. 1-2 күнде талдау қорытындысы электрондық поштамен келеді. Ол қорытынды емдеуші дәрігердің қолына шығарылып беріледі. 


Шынар МОЛДАНИЯЗОВА