Шараны өткізуге ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ұсыныс берген.

Пікірсайыс ойынына аудандағы белсенді жастар, педагогтар және мемлекеттік қызметшілерден құралған 6 команда қатысты. Американдық – парламенттік форматта өткен ойында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістерінің тиімділігі мен тиімсіздігі, ысырап пен шығынға себеп болатын дәстүрлерді ұстану мен ұстанбау мәселелері бойынша пікір сайыстырды. Сайысқа «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, республикалық пікірсайыс ойындарының үздік спикері Ерболат Исанов, белгілі пікірсайысшы Ләйлі Мақсотова төрелікетті.
Финалдық сайыс мемлекеттік қызметшілер мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы командаларының арасында өтті. Дерек пен дәйегінің дәл және сөзінің өткір болғаны себепті аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы Бағдат Жанболатов ойынның «Үздік спикері», ал өзі намысын қорғаған мемлекеттік қызметшілер командасы сайыстың жеңімпазы атанды. Кубокты аудан әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкіл Ерлан Сәрсенов табыс етті.
Кейінгі орындарды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешенінің «Шексіздік» командасы бөлісті. Ләйлі Мақсотова ойынның «Үздік төрешісі» болып танылды.
Біздің ойымызша, осындай интелектуалдық сайыстар жастарды сөз шеберлігіне машықтандырады.
- Тиімді қызмет ету үшін маманға талдау, сын тұрғысынан ойлау, өз ұстанымын дәлелдей білу, байланысқа бейімділік сияқты дағдылар керек. Пікірсайысқа қатысу арқылы мемлекеттік қызметкерлер, жалпы жас мамандар осы дағдыларды дамытып, кәсіби қабілеттерін шыңдай алады деп ойлаймын. Ойындарды тұрақты ұйымдастырғымыз келеді – дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұртілеу Болат осы ойымызды толықтырып.

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы