Өзіндік қадір-қасиеті сақталған қазақ жерінің қай шетінде болмасын төл руханиятының дәні жоғалмай, сабағының кейінгі ұрпаққа тамыры үзілмей жетуіне, халық қазынасының сақталуына сөз өнерін ерекше игерген ақындарымыздың тағылымы мен шығармаларының да ықпалы болады. Өнер қонған аймақтың дәстүрін жалғастырып, дүйім қазақ жұртына ауданның атын шығарып жүрген жергілікті ақындарымыз өз шығармашылықтарымен өңірге тән рухани-мәдени сабақтастықты жалғастыруда. Сондай ақындардың бірі де бірегейі айтыскер ақын Қуаныш Қапанов "Сырымдағы сұхбат" жобасында қонақта болып, С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану мұражайында жас ақындармен,оқушылармен кездесті. Қуаныш ақын айтыс өнері жайлы, өзінің шығармашылық жолы туралы баяндап берді.


Қазақ халқы өнерлі халық. Халқымыздың асыл қазынасын, айтыс өнерін рухани байлығымызды бойымызға сіңіру - біздің басты талабымыз. Өскелең ұрпақ ұлттық өнер жайлы білу керек, - деді Қуаныш Серғалиұлы. Кездесу барысында Қуаныш ақын махаббат,туған жер тақырыбында жазылған жырларымен таныстырды. Айта кетерлігі,ақын көз жанарынан ерте айырылса да,өнерге,өлеңге деген махаббаты ерекше екендігін байқадық. 
Жас ақындар айтыскерге сауалдар қойып, кездесу соныңда айтыс өнерінің хас шебері ән салды. Кеш соңында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Нұртілеу Болат ақынға жас буынға рухани азық болар сұхбат бергені үшін алғыс білдіріп,естелік сыйлық табыс етті.