Кеше Жосалы ауылдық округінде ардагер ұстаздар Асан Жүсіпов пен Сәнипа Сұлтангерееваның 70 жасқа толу мерейлі тойларына орай волейболдан аудандық ашық турнир өтті. Турнирдің салтанатты ашылуына «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов, Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов, А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектеп - балабақша кешенінің директоры Әскербек Тәжіғалиев қатысты.

 

Айта кетейік, Асан Жүсіпов те, Сәнипа Сұлтангереева да - ауданның білім беру саласында 35 жылдан астам еңбек еткен ұстаздар. Екі педагог та А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектеп – балабақша кешенінде қызмет жасаған жылдардың ішінде талай шәкірттің өмірден орын табуына көмектесті. Асан Жүсіпов бүгінгі күні ауылдық округтің ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесіне төрағалық етеді.
Турнирдің ашылуы салтанатында округ әкімі Қобыланды Ғабдешов Асан Жүсіповке ауылдастарының атынан ат мінгізді. А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектеп - балабақша кешенінің директоры Әскербек Тәжіғалиев Асан Жүсіповке шапан, Сәнипа Сұлтангерееваға қамзол жапты.


Жарыс күн аяғында қорытыланды. Турнирдің жеңімпазы болып Аралтөбе ауылдық округінің командасы танылды. Бұлдырты ауылдық округінің командасы мен Ақжайық ауданының командасы кейінгі орындарды бөлісті.


Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы