Есігімізден еніп, төрімізден орын алатын Жаңа жыл жер бетіндегі барша адамдар үшін ортақ мереке, әсіресе, оның балалар өмірінде алар орны айрықша. Аудандық білім беру бөлімі,балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы,аудандық жас туристер станциясы ұжымдарының ұйымдастыруымен "Ару-ай" мейрамханасында “Төрлет, төрле, жаңа жыл” атты аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті.


Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысыШынар Дүйсенғалиева,аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева мерекелі кештің құрметті қонақтары болды. Іс-шара кішкентай бүлдіршіндер үшін өте қызықты және есте қаларлықтай деңгейде ұйымдастырылған. Жаңа жыл мерекесіне орай аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы сөз алып, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың атынан балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде:

-Бұл мереке тек балалардың ғана мерекесі емес, үлкендер де оны ерекше үмітпен, жаңа жаңалықтарымен күтері сөзсіз. Әрбір адам алдағы жылы бәрі өзгеше боларына іштей сенеді. Жоспарлары мен армандарын тоғыстырып, жаңа ықыласпен, игі тілектерімен жаңа жылға қадам басады.Баршаңызға денсаулық пен бақыт, оқуда озаттар қатарында болып, өмірде аңсаған армандарына жетіп, ертеңгі еліміздің еңсесін тіктей түсуге сүбелі үлес қосуларыңызға тілектеспін, — дей келе аудан басшысы балаларға арнайы жаңа жылдық сыйлықтарын табыстады.

Мейрамхана залында керемет жаңа жылдық көңіл күй орнап,балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге шыршаны айналып, әндер айтып, биледі, ойнады, тақпақтар айтты. 
Мерекенің қатысушылары үшін мерекелік дастархан ұйымдастырылды