Осыған дейін «Жайық Пресс» медиахолдингі ұйымдастырған «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің қорытындысы бойынша Сырым ауданының оқушылары республикалық басылымдардың арнайы жүлделерін иеленді деп хабарлаған болатынбыз. Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев фестиваль жүлдегерлерін қабылдады.


Тағы да айта кетейік, Абай орта мектебінің 10 - сынып оқушысы Бекзат Қанаділов «Жұлдыз» журналының Ілияс Жансүгіров атындағы арнайы жүлдесін, ал Бұлдырты орта мектебінің оқушылары Жанерке Матышева мен Ақбота Балпейісова республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің Сәкен Жүнісов атындағы және «Қазақстан әйелдері» журналының Роза Қунақова атындағы жүлделерді алды.

 «Жайық Пресс» медиахолдингі газет пен оқырмандардың арасындағы байланысты жандандыру мақсатында Сырым ауданында «Туған жер» этно - мәдени шарасын ұйымдастырды. Сендер, жас тілшілер – медиахолдингтің үлкен табысысыңдар! «Өрімтал» фестивалі сендер сияқты талай жастың журналист боламын деген мақсатына нақты жолды көрсетті, тіпті өмірлік жолдама ұсынды дей аламыз. Қаламдарыңыз қарымды, қадамдарыңыз құтты болсын! – деді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев жас тілшілерге сәттілік тілеп.

Қабылдауға қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева, «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мүсірбек Айташев, Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Сәрсенғалиевалар да өз сөздерінде ауылдағы жазуға жақын, ақпарат саласына бейім оқушыларға кәсіби бағдар берген фестиваль туралы оң пікірлерін білдірді.
Фестиваль жүлдегерлеріне аудан әкімі арнайы сыйлықтар табыс етті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы