Салтанатты шарадан кейін Бұлдырты ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Мәкәрім Бисенұлының шаңырағында болдық. 83 жастағы қарт кезінде тыңайған жерлерді игеруге қатысқан, кейін біраз жыл округтің ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен. Мәкәрім қарттың жары. 9 құрсақ көтерген ана, «Алтын алқа» иегері Күләйман әже де саналы ғұмырын балаларға білім беру ісіне арнап, ауыл мектебінен зейнеткерлікке шығыпты. Елдегі жақсылықтар туралы Мәкәрім ақсақал былай дейді:
- Қиындық көрмедік деп айта алмаймыз, көрдік. Баяғыдағы бабалар ерлігінің, кешегі еңбек адамдарының еңбегінің өтеуі болар, бүгінгі күні туған жеріміз түлеп, берекелі елге айналды.

 

Бұлдырты ауылдық округінің дамуы менің көз алдымда. Ауыл қай уақытта да өзінің іргесін сақтай білді. Тоқырау жылдарында біздің ауылда үй бұзылған жоқ, ешкім көшкен жоқ. Қазір Бұлдырты 3000 тұрғыны бар айлапат ауылға айналды. Қалаға тән көгілдір отын, асфальт, заманауи үлгідегі тұрғын үйлер – біздерге таңсық емес. Биыл ауылдың әрбір ауласына таза су келіп жатыр. Бұл жағдайдың жақсарғаны емес пе?
Елде татулық болса, қай – қай жақсылық та ол елді айналып өтпейді. Амандық пен татулық болсын!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы