Талдыбұлақ ауылдық округіндегі «Атансай» шаруа қожалығы 1997 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады.

Қожалықтың жетекшісі Кәкімғали Телегенов төрт түліктің санын арттыруға ғана емес, тұқымын асылдандырып, сапасын көтеруге де әуелден көңіл бөліп келеді. Сиырлардың сүтті сименталь , етті герефорд тұқымдарын, қазақтың ақбас сиырын да өсіруден тәжірибесі бар «Атансай» шаруа қожалығы былтыр Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан 48 басабердин – ангус тұқымды ірі қара малын сатып алып келді.

- Абердин – ангус тұқымы біріншіден біздің жақтың ауа - райына өте төзімді болып келеді. Екіншіден, бұл – етті тұқым. Ангус сиырының еті дүниежүзіне «мәрмәр ет» атауымен белгілі. Бұл сиырлардың біреуінің орташа салмағы 500 келіден бері қарай құрайды.

Алдағы уақытта осы ангус – абердин қашарларынан төл алғым келеді. – дейді бізбен әңгімесінде қожалықтың жетекшісі Кәкімғали Телегенов.

Кәкімғали Телегеновтың шаруашылығында өзіміздің жабылармен бірге башқұрт жылқылары да бағылуда. Айта кетейік, «Атансай» шаруа қожалығы - мал шаруашылығы саласында GPS трекерді қолданатын бірегей шаруашылықтардың бірі. Бұл технология арқылы иесі жылқыларының жүрген жерін оңай анықтай алады.