Бұқаралық спорттың алғышарттарының бірі – спорттық нысандарға қолжетімділік. Осы мәселені шешу мақсатында биыл Сырым ауданы бойынша Тасқұдық, Тоғанас, Қоңыр және Талдыбұлақ ауылдық округтерінің орталықтарына жаңадан әмбебап спорт алаңдары салынады.

Бұл туралы Талдыбұлақ ауылдық округіндегі есептік жиындағы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің хабарламасында мәлім болды.
Төрт нысанның құны шамамен 40 млн теңгеге жуықтайды. Егер, құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес аяқталып, нысандарға пайдаланылуға берілсе, Талдыбұлақ секілді Шолақаңқаты, Елтай, Жосалы ауылы тұрғындарының әкімдермен кездесулерде жиі айтатын мәселелері шешімін табар еді. Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жанболат Мұхамбетжанов өзінің есептік баяндамасында округтің әлеуметтік – экономикалық аяқалысын баяндап, кейбір мәселелерге де кідіріс жасады. Соның бірі – ауыл мектебіндегі кадр жетіспеушілігі. Бүгінгі күні Талдыбұлақ орта мектеп балабақша кешені математика және химия пәні мұғалімдеріне зәру.

Ауыл тұрғындары әкімдерден Көктөбе көшесіндегі жарықтың жиі сөнуінің себебін сұрады. Аудандық электр торабы мекемесінің бас инженері Серікбол Мұқановтың айтуынша, ауылішілік электр желілерінің тозғаны рас екен. Дегенмен, жарықсыз қалу жағдайы қайталанбайтын болды. Талдыбұлақ ауылында дәрігерлік қызметті тұтынуда да түйіткілдер бар. Мәселені аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің өзі бақылауда ұстамақ. Талдыбұлақтықтар ауыл мектебіне және «Жедел жәрдем» қызметіне көлік керек екендігін де айтуда.