Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Шолақаңқаты ауылдық округіндегі жұмыс сапарының барысында Құспанкөл ауылындағы «Правда» шаруа қожалығының қыстағында болды.

Кеше Талдыбұлақ ауылында «тұрып жатқан» ангус – абердин сиырлары туралы жазған едік. «Правда» шаруа қожалығының жетекшісі Қайрат Меңдіғалиев, осындай асыл тұқымды 100 бас аналық сиыр мен 6 бұқаны Ақтөбе қаласынан жалға алыпты. Шарт бойынша қожалық енді жалға беруші тарапқа жылына 50 бас ірі қара беріп тұруы тиіс.

- Ангус – абердин сиырлары біздің жақта биыл бірінші рет қыстап жатыр. Өзімізше, қоректенуін, жүріс – тұрысын зерттеп жатырмыз. Етті тұқым ғой, содан ба ангустар өте тәбетті болып келеді екен. Күніне үш мезгіл азықтандырамыз. Жем – шөптен тарықтырып жатқан жоқпыз. – дейді Қайрат Меңдіғалиевтің өзі.

«Правда» шаруа қожалығы өңірге қымыз өндіруші шаруашылық ретінде де танымал. Шаруашылық 200 - ге жуық биеден жылдық сауу маусымында 12 тоннадай қымыз өндіреді. «Правданың» қымызы Орал қаласында жоғары сұранысқа ие. Қожалықта 8 адам тұрақты жұмыс істейді.