Кешегі күні Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша жиын өтті.

Жиынға Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Тимур Төлепов, түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Айман Куанова, жанама салықтарды әкімгерлеу бөлімінің бас маманы Дина Қажғалиева және экспорттық бақылау басқармасының бас маманы Динара Қажғалиева қатысты. Семинар-кеңес барысында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген бірыңғай жиынтық төлем, салық және бюджеттік төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы департамент мамандары жан-жақты түсіндірді. 

Бірыңғай жиынтық төлемді енгізу өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға: міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға және сомасы мен түрлері шектелмеген медициналық қызметтерге қол жеткізуге, медициналық мекемелерді таңдауға; жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға әрі жүйеге қатысу өтіліне қарай базалық зейнетақы төлемін алуға; еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған жағдайға, жүктілік пен босануға, бала асырап алуға, бала 1 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді. БЖТ-ны төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төменгі мөлшер - республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (2525 теңге), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін 0,5 АЕК (1263 теңге) деп белгіленді.

Семинар-кеңес барысында ҚР ҰКП «Атамекен» Сырым аудандық филиалының директоры А.Балғалиев қосымша құн салығы бойынша, жеке кәсіпкер Г.Нигметова онлайн бақылау-касса машинасын қолдану тәртібі туралы, ауылдық округ әкімдері жеке тұлғалардың мәртебесін анықтау барысы туралы сұрақтарына толық жауап алды. 

Сонымен қатар, Сырым ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаров сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары туралы тақырыпқа қысқаша тоқталып, жиын соңында түсінік жұмыстарын жүргізген Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшылары мен мамандарына және семинар-кеңеске қатысқан ауылдық округ әкімдеріне, аудан бойынша мекемелердің есепші-мамандарына, кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілеріне алығысын білдірді.