Николай Майданов – әскери ұшқыш, Кеңес Одағының батыры атанған соңғы адам және Ресей Федерациясының батыры деген мәртебеге ие болған алғашқы батырлардың бірі. Ол М – 8 тікұшағымен Ауғанстанның, кейін Солтүстік Кавказдың аспанында өзінің заңын орнатты. 1250 әскери ұшу жасап, 1100 сағатын әуеде өткізді. Ұрыс алаңынан 85 жаралы жауынгерді, 1000 – нан астам десантты аман алып шықты. Оның өжеттігі мен шеберлігін қаруластары ғана емес, жаулары да мойындады. Ауғандағы соғыстың кезінде жергілікті моджахедтер Майдановтың тікұшағын атып құлатқан адамға миллион афгани сыйақы тағайындаған.
Ауған жерінде Майданов екі рет іссапармен болып, өзінің Ауғанстандағы интернационалдық борышын екі мәрте орындады. Екіншісі біріншісіне қарағанда ауыр болды. Ол Пандшер шатқалындағы десанттық операцияларға қатысты, Ташкудук, Мазари – Шариф, Газни, Джалал – Абад секілді аудандарға екі жүзге жуық барлаушылар тобын әуеден түсірді. Майдановтың экипажы он бес айдың ішінде қару тасымалдайтын 9 керуенді тоқтатып, жойды. 1987 жылдың 12 мамырдағы операция кезінде олар бір керуеннен 60 дана тасымалданбалы зениттік ғарыш кешенін, 500 реактивті снаряд және мылтық оқтары мен гранаттарды тәркіледі. 

1987 жылдың 8 желтоқсаны. Майдановтың мойынына апатқа ұшыраған екі тікұшақтың экипажын қауіпсіз жерге алып шығу міндеті жүктелді. Бораған оқ пен жауған бомбаның арасынан ол екі тікұшақтың экипажын ғана емес, әскердің тағы екі тобын, яғни бір тікұшақпен 46 жауынгерді базаға аман жеткізді. Тапсырманы орындау кезінде Майданов мінген «М – 8» - ге 36 жерден оқ тиіпті. Оқтың біреуінің өзі 46 адамның тағдырын басқаша шешіп жіберуге қауқарлы еді. 

Дәл осындай жағдай 1988 жылдың жазында тағы қайталанды. Ұрысқа жаттықтырылған моджахедтерден құралған «Черный аист» отрядының жолын торуылдаудың соңы қарулы қақтығысқа ұласты. Қарсылас тараптың күшінің көбірек болуы Кеңес әскерлерінің арнайы жасағын есеңгіретті деген артық болар, бірақ әлсіретті. Бір кезде қақ төбеден тікұшақтар эскадрилиясы көрінді. «Нөл он бірдің» штурвалында – Николай Майданов. Жігіттер бортқа мініп үлгерді. Өлі – тірісі бар 35 адамды тиеген тікұшақ көтеріліп кете алмай қиналды. Майданов ойланған жоқ, өзінің сүйікті әдісіне басты. Сөйтті де, шассиін сантиметрге ғана көтерген бәленбай тонналы тікұшақ 100 шақты метр биік құздан төменге қарай қойып кетті. «Тікұшақтың осы құлағаны - құлағаны!» - деп ойлады жаудың жағы. Жоқ! Құздан құлаған әуе көлігінің қалағы ауа қармап үлгерді де, жайменен биіктеп, базаға қарай ұшып кетті. Дұшпандар оқ атпады. Олар Майдановқа таң қалып тұрды. Таң қалып тұрғандардың ішінде бертін келе террористердің көсеміне айналған Усама Бен Ладен де бар еді. Жас Бен Ладен ол кезде «Черный аист» отрядына жетекшілік етті – деп жазды кейін Ресейдің ақпарат көздері.

Николай Майданов 1999 – 2000 жылдары №325 көлік – ұрыс вертолет полкінің командирі ретінде Шешен Республикасында жүріп жатқан антитеррористік операцияларға қатысты. Майданов бұл жерде де аспанды өз билігінде ұстады. Шешен әскерилері Майдановты ауғандардан да артық бағалап, оның басына жарты миллион АҚШ долларын тікті. 
1999 жылы 13 желтоқсан. Майдановқа тағы да өмір сүру мүмкіндігі берілген күн. Соғылған үш тікұшақтың экипажы мен десанттарды құтқарамын деп жүргенде Майданов мінген «М - 8» оқтың үстіне тап болды. Тікұшаққа 40 нүктеден оқ атылды. 15 оқ дарып, нәтижесінде әуе машинасының жанармай жүретін тұрбасы зақымдалды. Бірақ офицер әскери тапсырманы орындады. Екі аптадан кейін Майданов Солтүстік Кавказдағы топтың жетекшісі, генерал – полковник Виктор Казанцев пен журналистерді құтқарды. Құтқару, соңғы үмітті жағу, соңғы мүмкіндікті өз пайдасына пайдалану – оның кәсібіне айналып бара жатты.

2000 жылдың 29 қаңтарында «нөл он бір» тағы да көкке көтерілді. Майданов бұл жолы аспанмен қоштасуға кетіп бара жатқанын білген жоқ. Үш тікұшақтың ішінен жау командирдің машинасын нысанаға алды. Мергеннің атқан оғы тікұшақтың құрылғылар тақтасын тесіп өтіп, Майдановтың кеудесіне тиді. Тағы бір оқ мойынға тиді. Бірақ, Майданов штурвалдан айырылмады. Тікұшақ ұша берді. Тікұшақты кейін бортмеханик қондырды. Себебі, Майданов әуеде жан тапсырған болатын. 
Батыр, қазақтың баласы Санкт – Петербург қаласындағы Серафимдер зираты жерленді. Өлгеннен кейін оған Ресей билігі генерал – майор шенін берді.

*** *** ***

Николай Майдановтың әрбір ерлігі киноға сұранып тұр. Ол туралы аңыздар көзінің тірісінде айтыла бастады. Ерлігі Еуропа есінде қалған, аты Азияға ортақ болған осындай тұлға 1956 жылы 7 ақпанда Сырым ауданында (бұрынғы Жымпиты ауданы), Тасқұдық ауылында дүниеге келген еді. 

Ақпарат беттерінде Николойдың ұлты қазақ екендігі, әкесінің аты Сайын екендігі айтылады. Көп жерде оның шын есімі Қайыргелді деп беріліп жүр. Батырдың туған ауылы Тасқұдықта батырды бала кезінде көрген, тіпті оның әкесі Сайынның көлігінің нөмірінде жатқа білетін бір адам тұрады.

- Николай Майдановтың шын есімі – Қайыргелді емес, Қайырболат! Менің есімде ол Қайырболат болып қалды – дейді Сайлау Үкиев деген ақсақал. 
Сайлау Үкиев 1941 жылы Тінәліде туған. Бірінші сыныпты туған ауылында оқыған ол кейінгі сыныптарды Қырыққұдық деген ауылдағы мектепте жалғастырыпты. 

- Тінәлі мен Қырыққұдықтың арасы – 10 шақырым. Барып – келіп оқимыз. Ол кезде ауылда үш – төрт көлік болды. Майданов Сайын ағай «Газ – 51» деген көлікті жүргізді. Көліктің нөмірі – ШИ 1632. Қырыққұдыққа талай рет Сайын ағайдың осы көлігімен бардым. Ол кісі өте мейірімді, балажанды адам еді. Балалар да Сайын ағайды қатты сыйлады.
1953 – 54 жылдары совхоздың орталығы Тасқұдықта білім алдым. Майдановтардың үйі ескі мектепке онша алыс емес еді. Қазіргі мектеп сол ескі мектептің ауласына салынды ғой. қазір мектептің де, Майдановтар тұрған көше де жермен – жексен болды.
Сайын ағайдың әкесі Қайыржан ауылда дүкенші болып қызмет етті. Сайын ағайдың үйіндегі жеңгейдің ұлты неміс болатын. Ол кісіні анабір жақын танымадым, сондықтан сырттан көшіп келген немістердің қызы болар деп ойлаймын. Ауылдың немістері болса таныр едім ғой. 

1956 жылы Сайын ағаның ұлы Қайырболат дүниеге келді. Қайырболат бір жасқа толар – толмас шамада ағай Тасқұдықтан Чапаев ауылына көшіп кетті. 80 – жылдардың ортасына қарай одақта Николай Майдановтың аты дүркіреді. Ол Майдановтың Сайын ағайдың ұлы екенін, өзіміздің ауылдың Қайырболаты екенін кейін білдім. – дейді Сайлау Үкиев өзінің естелігінде. 
Бүгінгі күні Тасқұдық ауылында Николай Майдановтың атындағы көше бар екен. Сайлау қарт ауылдың орталығындағы паркке Қайырболат Майдановтың ескерткішін, кем дегенде бюстін орнату керек деп есептейді. Себебі, қазіргі ұрпақ Майдановты ұмытып бара жатыр. 
Майдановты насихаттауға келген кезде Сырым ауданының орталығының өзі де ұятты. Жымпиты Майдановқа арналған не көше жоқ, не ескерткіш жоқ. бір бюст 2015 жылы Орал қаласындағы әскери - техникалық мектептің алдына орнатылды. Батырға тұтас облыстың көрсеткен құрметі осымен шектеліп тұр. Біздің ойымызша, Жымпитыдағы Ауған соғысының жауынгерлеріне арналған паркты Кеңес Одағының батыры, Ресей Федерациясының батыры, Тасқұдықта туған қыран Николай (Қайырболат) Майдановтың атымен атауды ұсынамыз. Бұл – ер мен ерлікке құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болар еді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
журналист

P.S. 

Материалдағы кейбір ақпараттар Ресей сайттарынан және «Звезда» арнасының «Легенды армии» жобасының негізінде дайындалған Н. Майданов туралы деректі фильмінен алынды. 2012 жылы «Центр - Азия» сайтында жарияланған журналист Мақсот Серғалиевтің мақаласы да пайдаланылды.