Маманның баяндамасынан мәлім болғандай, бағдарламаның «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» секілді бағыттары бойынша да бірқатар жұмыс жасалыпты. Былтыр іске асқан Сырым ауданының төл жобаларының қатарына  І республикалық Қадыр оқуларын, «Қайсар» спорт клубы апта сайын ұйымдастыратын тай жарысы мен асау үйрету шарасын, «Достығымыз жарасқан!» атты І аймақтық жастар форумын, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің 100 жылдығы қарсаңында жарық көрген «Алаш аманаты» жинағын, Батыс бөлімшенің төрағасы, қайраткер Ж. Досмұхамедовтің туған ауылы Қарақұдықтың маңында орнатылған белгіні жатқызуға болады. Аудандық мәслихаттың депутаты Серік Тоқмамбетов алдағы уақытта шараларға мазмұн бере түсу, Жастар жылы аясында атқарылатын шараларға жастардың белсенді емес топтарын тарту туралы ұсыныс білдірді.

Бұдан бөлек, аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында 2019 – 2021 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу, Жымпиты ауылының бас жоспарын бекіту және бірқатар комиссиялардың құрамын бекіту мәселелері қаралды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева сессия қатысушыларына аудандық қоғамдық кеңестің жаңа құрамын таныстырды.