Ауыл шаруашылығы саласында округте тіркелген шаруашылықтардың ішінде мал басын көбейту, асылдандыру бағытында 15 шаруа қожалығы және  6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі  айналысуда. 2016 жылы 11 бас ірі қара малы сатып алынды. Округтегі шаруа қожалықтары мен кооперативтерінде 68 асыл тұқымды аталық мал тіркелген.
Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту мақсатында лизингке «Атамұра» шаруа қожалығы 2 дана МТЗ тракторын, 1 дана шөп шапқыш аппарат, 1 дана шөп престегіш, «Қостөбе»  шаруа қожалығы  1 дана МТЗ тракторын, 1 дана шөп престегіш, 1 дана шөп шапқыш агрегат, 1 дана КУН, «Сапа» шаруа қожалығы 1 дана МТЗ тракторын, 1 дана шөп үйгіш КУН, «Өрлеу» шаруа қожалығы 1 дана МТЗ тракторын, «Жасталап» шаруа қожалығы 1 дана МТЗ тракторын, «Кердері» шаруа қожалығы 1 дана МТЗ тракторын, «Ынтымақ» шаруа қожалығы 1 дана шөп престегіш сатып алып, шаруашылықтарын дамытып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
2016 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Атамұра» ШҚ   30,0 млн теңге несие алып, оған 75 бас аналық, 4 бас асыл тұқымды бұқа, және «Рысгүл» ШҚ 14,5  млн теңге несие алып,  оған 81 бас аналық, 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды.  
Округте 5912 бас ірі қара, 9867 бас қой мен ешкі, 1780 жылқы, 3 түйе және 2040 құс тіркелген.  2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал саны ірі қара 578 басқа, жылқы 38 басқа, қой мен ешкі 352 басқа өсті.
Округ бойынша  6940 бас ірі қара малдан қан алынып, олардың 66-нан бруцеллез ауруы анықталып, толық жойылды.  Ұсақ малға келсек,  23470 бастан қан алынып,  47 бастан бруцеллез ауруы анықталып, олар толық жойылды.  Ірі қара малдардың 3400 басы сырғаланып, 125 пайызға орындалды. Ұсақ малдарға келсек, 7300 бас сырғаланып, 111 пайызға орындалды. Қысқы маусымға 23 546 тонна мал азығы дайындалды.  2015 жылы Көгеріс елді мекеніне жаңадан мал моласы салынса, 2016 жылы Бұлдырты ауылына 1 мал моласы салынды.
Шағын кәсіпкерлік саласындағы тіркелген субъектілер саны 47, оларда барлығы 36  адам жұмыс жасайды.  Бүгінгі таңда 9 сауда нүктелері тұрғындарды азық-түлік және киім кешекпен қамтуда жұмыс жасаса, 2 тойхана, 1 наубайхана және 1 қоғамдық монша тұрақты түрде қызмет көрсетуде.
2016 жылы  ауылдық округте 52 шаруа қожалығы, 6 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері тіркелген, соның ішінен «Қожағұл» шаруа қожалығы 2016 жылы бау-бақша егумен айналысып,  2 га жерге қарбыз, қауын, картоп және пияз егіп, одан 4 тонна қарбыз алды. Бұлдырты қарбызы өткен жылы Орал қаласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шығарылды.  Шаштараз және наубайхана ашу мақсатында 1 азамат несие алып, қазіргі уақытта іске қосуға жұмыстануда.  
Әлеуметтік салада тұрғындарды әлеуметтік қолдау мәселесі де басты назарда.  Округтегі ауыл шаруашылық құрылымдарымен кездесе отырып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесінде және жаңадан жұмыс орындарын ашу бағытында әдістемелік көмектер көрсетілуде. 2016 жылы  әлеуметтік жұмыс орындарына 8 адам тартылды. Ақылы қоғамдық жұмысқа 156 адам тартылды (2015 жылы – 151). 2015 жылы тұрақты жұмысқа 13 адам қабылданса, өткен жылы 8 адам алынды.  Жастар тәжірибесімен 3 жас маман тартылды. Мемлекеттік балалар жәрдемақысы 106 отбасындағы 271 балаға төленді (2015 жылы 96 отбасы, 257 бала).
Қайырымдылық айлығы кезінде округтегі аз қамтылған, жалғыз басты 2 қарияға мал азығымен, 1 қарияға қысқы отынмен көмек берілді. Мұның сыртында ауылшаруашылығы күні атап өтіліп, ардагерлерге арналып ас берілді.
Білім беру саласында округте жалпы білім беретін 1 орта, 1 негізгі мектеп жұмыс жасайды. Бұл мектептерде 2015-2016 оқу жылдарында 455, 2016-2017 оқу жылында барлығы 453 оқушы білім алып, оқушыларға 86 мұғалім білім беруде. Жас жеткіншектерді мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету бағытында Бұлдырты ауылындағы «Айналайын» балабақшасында 50 бүлдіршін тәрбиеленсе, 50 бүлдіршін шағын орталықта және Көгеріс негізгі мектебі жанынан ашылған шағын орталықта 2015 жылы 13 бүлдіршін тәрбиеленсе, 2016 жылы 18 бала тәрбие алуда.
2016-2017 оқу жылында ЖББ Бұлдырты орта мектебінде 453 оқушының тегін ыстық тамақпен қамтылғаны 279 (67,7%), Көгеріс негізгі орта мектебінде 41 оқушының тегін ыстық тамақпен қамтылғаны 36 (87 %) оқушыны құрайды. ҰБТ-ге 22 мектеп бітіруші түлектер қатысып, көрсеткіш 71,72 баллды құрады. «Мектепке жол» акциясы аясында 32 отбасындағы 33 балаға 135 200 теңгеге мектеп сумкалары және оқу құралдары алынып берілді.
Мұның сыртында аудан кәсіпкерлерінің демеушілігімен көп балалы ана Ф.Мухамбедиярованың отбасына 30 000 теңге ақшалай көмек берілді.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Бұлдырты ЖББ ОМ бұрын 3 камера қойылған болса, өткен жылы қосымша 10 камера орнатылды.
Мектеп жанындағы интернатта округтің шалғай елді мекендеріндегі  2016 жылы 17 оқушы орналасқан. Балалар тасымалын қамтамасыз ету үшін 2016 жылы ЖББ Бұлдырты орта мектебіне ПАЗ автобусы алынып берілді. Балалардың жазғы уақытын тиімді пайдалану мақсатында 2016 жылы Бұлдырты орта мектебі жанындағы «Балдаурен» лагерінде 184 оқушы, аудандық «Дарын» лагерінде 70 оқушы, облыстық «Евразия» лагерінде 2 оқушы, шетелдік /Италия/ лагерде 1 оқушы, барлығы 257 оқушы жазғы демалыспен қамтылды.
Денсаулық сақтау саласында 1 ауылдық дәрігерлік амбулатория,                             2 медициналық пункт жұмыс жасайды.
Ауылдық округте тұрғындардың денсаулығын жақсарту мақсатында скринингтен 200 адам, профилактикалық тексеруден 1700 адам,  флюорографиялық тексерістен 1500-ден астам адам өтті. Дәрігерлік амбулатория УАЗ автокөлігімен қамтамасыз етілді.
Мәдениет және спорт саласында  1 мәдениет үйі, 1 ауылдық кітапхана және 1 модельдік кітапхана жұмыс жасауда. Кітап қоры 16 997 кітап, оқырмандар саны -1516 адам. 2016 жылы 39 мәдени шаралар өткізіліп, 1365 адам қатысты. Өткен жылы Көгеріс ауылында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауылдық клуб ғимаратының құрылысы басталды, үстіміздегі жылы аяқтау жоспарымызда бар.
2016 жылы мекеме қызметкерлері арасында спорттың 9 түрінен күзгі спартакиада өткізілді. Жастар арасында 22 спорттық шара ұйымдастырылып оған 465  адам қатысты.
Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында өткен жылы бөлінген 300,0 мың теңгеге Көгеріс елді мекенінен 450 тонна күл-қоқыс шығарылып, ауыл жанындағы бөгет бөгелді. Осы полигонды тазарту барысында 350 тонна күл-қоқыс Ащысай бөгетін бөгеуге тасымалданды. 2016 жылы округтегі 33 дана көше жарықшамдары электроүнемдеуіш шамдарға  ауыстырылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Бұлдырты ауылындағы орталық саябақты абаттандыру жұмыстары 4,0 млн. теңгеге жүргізілді.
2015 жылы басталған Бұлдырты ауылына кірме 12 шақырым жолды жөндеу жұмыстары өткен жылы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Округтің Бұлдырты, Көгеріс және Қарақұдық елді мекендеріне көгілдір отын тартылып, жалпы 145 тұрғын үйлер мен  әлеуметтік нысандар көгілдір отынға қосылды.