Ауыл шаруашылығы саласында округ бойынша ірі қара малы 3111 басты құрап  91 басқа,  қой мен ешкі  9367 басты құрап 780 басқа (109%), жылқы 2198 басты құрап  523 басқа (131,2 %)  өсіп отыр.
Бүгінгі таңда ауылдық округте 21 шаруа қожалығы мен 1 заңды тұлға ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген.  Шаруашылықтардың барлығы дерлік қазіргі кезде мал өсіру, мал басын асылдандыру және мал азығын дайындау жұмыстарымен айналысуға бағытталған. 2016 жылы шөп өнімділігі өте жақсы болып, 29 трактор, 42 орақ, 38 адам қатысып, қыстаққа 237 300 центнер мал азығы дайындалды, жоспар 103 пайызға орындалды.
Биылғы жылы  Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Құлан», «Алтын асық»  бағдарламалары аясында «Алихан ИБ» шаруа қожалығы – 18,6 млн. теңге, «Хайзолла» шаруа қожалығы -  11,0  млн. теңге несие алды.
2016 жылы  15  бас  асыл тұқымды аталық бұқа жаңартылды.                
Ауылдық округ бойынша мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмек субсидияларына  8 шаруа  қожалығы мен 1 ауылдық тұтыну кооперативі құжаттарын тапсырып,  тиісті қаржыларын алды.
2013 жылы басталған ұсақ малдарды сауықтыру шаралары биыл аяқталды.   Бруцеллез ауруына  2016 жылы 3220 бас ірі қара тексеріліп, оң нәтиже бергені 29 бас,  ұсақ малдарды сауықтыру шаралары шеңберінде 15817 бас тексеріліп, оң нәтиже бергені 378 бас, ауру анықталған малдар уақытында жойылды.
Ауру ошақтары шыққан 22 аула 8560 шаршы метр мал қоралары мен ауыл тұрғындарының аулалары өз есептерінен арнаулы бұқырлайтын автокөлігі  шақыртылып бұқырланады.      
Округте ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру жұмыстары да жоспарлы түрде жалғасып, 3411 бас ірі қара мен 9263 ұсақ малдары сырғаланып, 2033 бас жылқы таңбаланып(биыл 184 бас таңбаланды), қажетті мәліметтері компьютерлік базаға енгізілді.       
Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 27 адам, 2 адам сауда-саттық саласында дүкендерде, 21 шаруа қожалықтары мен 2015 жылы құрылған заңды тұлға «Көздіқара»  АТК жұмыс жасауда.
«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 1 жұма кәсіпкерлік негіздеріне 3 адам оқытылып, сертификаттарын алды.
Кәсіптік оқуда /10 айға/ ресми жұмыссыз 1 адам Орал қаласында бухгалтерлік оқуда.
2 адам «Игілік» бағдарламасы аясында  2,7 млн. теңге және 1,5 млн. теңге шағын несие алып,  жылқы малдарын сатып алып жұмыстануда.
Әлеуметтік салада округ бойынша жыл басынан ақылы қоғамдық жұмыстарға 72 адам, уақытша жұмыстарға 22 адам және 6 адам тұрақты жұмысқа орналасты.  «Жастар тәжірибесі» бойынша 1 жас маман  тартылып, аудандық мемлекеттік мекемеде тәжірибеден өтті.
Аз қамтылған, жалғыз басты 7 отбасына шөп дайындаушы жеке тұлғалар мен шаруа қожалықтары барлығы 140 ц. шөп (құны 126 000 теңге болатын)тегін таратылып берілсе, 65 адамға 1,2 млн. теңгенің материалдық көмегі берілді.
Балалар жәрдемақысы 13 отбасындағы 32 балаға тағайындалды. 
Білім беру саласында округте 2 білім беру ошағы Абай орта мектебі мен Көздіқара негізгі мектептерінде 43 ұстаз оқушыларға білім берсе, аталған мектептерде биылғы оқу жылында 120 оқушы білім алуда. Биыл мектеп бітірушілер ҰБТ қорытындысы бойынша орташа 86,4 балл жинады.
Шағырлой ауылындағы  «Айгөлек» балалар бақшасында 23 бүлдіршін тәрбиеленсе, 20 бүлдіршін шағын орталықта және 15 бүлдіршін Көздіқара орта мектебі жанындағы шағын орталықта тәрбиеленуде.
Жазғы демалыс лагерлерінде мектепшілік - 87 бала, аудандық демалыс лагерлерінде - 34 бала, облыстық «Дарын»  демалыс лагеріне 1 бала демалып, Көкшетау қаласындағы «Бурабай» шипажайына 1 бала демалып келді.
«Мектепке жол» республикалық акциясы аясында, барлығы 110 мың теңгенің көмектері 17 отбасының балаларына берілді. 
«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешені ағымдағы жөндеуден өтті.
Денсаулық сақтау саласында  2 фельдшерлiк пункт, 1 фельдшерлік акушерлiк пункт жұмыс жасайды.  Флюорографиялық тексеруден 726 адам, күндізгі стационарда емделгендер 210 адам, скринингтен 25-70 жас аралығында өткен 106 адам, соның ішінде ауру анықталғаны - 6 адам, «Д» есепке 4 адам алынды.
Мәдениет және спорт саласында 1 ауылдық мәдениет үйі бар.  ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» республикалық мега жобасы аясында Сарой ауылдық округі Шолақаңқаты ауылдық округіне барса, Алғабас ауылдық округі Сарой ауылдық округіне келді.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық шеңберінде жылдық бекітілген іс-шараларына сәйкес, 26 мәдени көпшілік спорттық шаралар 923 тұрғындардың қатысуымен өтті. 
Округтің 2 кітапханасындағы кітап қоры 22 267 кітап, оқырман саны 663 адам. 
Облыстық «Алтын ұя» отбасылық байқауында Ергалиевтер отбасы жүлделі                    І орынға ие болып, 2016 жылғы жыл қортындысы бойынша  ауданымыздың «Өнерлі, өнегелі жылдың үздік отбасы» номинациясын жеңіп алды.
Қөздіқара ауылы тұрғындарының қолдауымен  ауылдық клуб ғимаратының іргетасы мен қабырғасы  қаланды, алдағы жылы аяқтау жоспарлануда.
Газдандыру, санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары - елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша Шағырлой ауылында  85 үй,  Көздіқара елді мекенінінде 17 тұрғын үй мен әлеуметтік бюджеттік мекемелер көгілдір  отынға қосылды.
Есептік кезеңге 17 рет сенбіліктер ұйымдастырылып, 584 тонна көлемінде күл - қоқыстар шығарылды. Шағырлой ауылы бойыншакөше шамдарына 5 дана электр есептегіш, 5 дана таймер, 5 дана пускатель алынып, орнатылды. 
2015 жылы басталған Жымпиты-Қаратөбе бағытындағы жолдың 55 шақырымын жөндеу жұмыстары өткен жылы аяқталды.