Еліміз тағы бір тарихи жылды еңсеріп, дамудың даңғыл жолындағы айқын қадамын жасады. Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының көңілге көп серпіліс әкеліп, көкейге тың ойлар түйгізіп, жаңа  мүмкіндіктерге жол ашқанын жақсы білеміз. Жақын да жарқын келешектегі жұмыстардың жай-жапсары егжей-тегжейлі айтылған бұл Жолдаудың бізге – Қазақстанның әрбір азаматтарына артар жүгі салмақты. Ынтымақ пен бірлікті мақсат тұтқан Сырым ауданы үшін өткен жыл табысты жыл болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өткен жылғы есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс, ескертпелердің іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілген болатын. Осы жоспарға енгізілген 32 мәселенің бүгінгі күні 23-і орындалып отыр. Шешімін табуды қажет ететін басқа да  мәселелер бақылаудан түскен жоқ.

Өткен жыл қорытындысымен әр саладағы негізгі көрсеткіштерге қысқаша тоқталсақ:

БЮДЖЕТ ЖӘНЕ САЛЫҚ

2018 жылғы аудан бюджетінің көлемі 4 миллиард 485,8 миллион теңгеге жоспарланған болса, 4 млрд. 519,3 млн. теңгеге орындалып отыр (100,7%). Соның ішінде, өзіндік кірістер 476,2 млн теңгеге жоспарланып, 500,9 млн. теңгеге немесе 105,2 пайызға орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі 4 миллиард 483 миллион теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді.  

                      

ИНВЕСТИЦИЯЛАР

2019 жылдың 1 қаңтарына 2162,0 млн теңге инвестиция тартылды, яғни өткен жылмен салыстырғанда 113 пайызға артып отыр.

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, ВЕТЕРИНАРИЯ

Елбасы Жолдауында Агроөнеркәсіп кешеннің әлеуетін толық іске асыру тапсырмасын орындау мақсатында  «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» ауданымызда оңтайлы  жүзеге асырылуда.

Бағдарламаның басты мақсаты: нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы тауарөндірушілерге болашаққа сенімділікпен қарауына зор серпіліс берері сөзсіз.

Аталған бағдарлама аясында 2018 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 300 млн. тг бөлініп, оның 256,4 млн. теңге қаржысы игерілді. «Сырым» НС» ЖШС арқылы 97,2 млн.тг бөлініп, игерілді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын субсидиялау үшін аудан тауарөндірушілеріне 333,2 млн.тг қаржы бөлініп, мұның күні бүгінге 201,8 млн.теңгесі төленіп отыр. 

Ауданда 2018 жылға мал шаруашылығынан, яғни, асыл тұқымды мал сатып алған шаруашылықтардан 355,1 млн. теңге, жаңадан сатып алынған техника,  құдық, күн сәулесінен энергия алу панельдерінен123,0 млн. теңге, барлығы 478,1 млн. теңге инвестиция салынып отыр.

Шаруашылық құрылымдарына жаңадан алынған техникалар және әр-түрлі деңгейдегі құрылғылар, атап айтқанда, құдық, күн сәулесінен энергия алу панельдері т.б. 44,5 млн.тг инвестсубсидия төленіп отыр.

Ауыл шаруашылық құрылымдары мемлекеттік қолдаудың барлық тетіктерін қолдана отырып қарқынды дамуда.

Аудан бойынша 2019 жылдың 1 қаңтарына ірі қара малы 45804 басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 103,7%-ға, қой 64024 басқа жетіп – 97,1%-ға, ешкі 12971 басқа жетіп – 103,8 %-ға, жылқы 17730 басқа жетіп – 111,3%-ға, түйе 63 басқа жетіп – 118,9%-ға, шошқа 48 басқа жетіп – 177,8 %-ға, құс саны 17170-ке жетіп – 100,2 % орындалып отыр. Олардан алынған өнімге тоқталсақ, ет – 6433 тн, сүт – 14611 тн., жүн – 219,6 тн. жүн, жұмыртқа – 1877,7 мың дана. 

2018 жылға барлығы 794 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынса, соның ішінде 4 шаруашылық 267 бас асыл тұқымды қашарларды аудан шаруашылықтарынан, сонымен қатар 3 шаруашылық құрылымы (Арайлы, Атансай, Шідерті) 181 бас Абердин-Ангус асыл тұқымды қашарларды Ресей Федерациясынан сатып алды.

2019 жылдың 1 қаңтарына асыл тұқымды ірі қара мал 3659 бас немесе барлық ірі қара малына шаққанда 8,0% құрайды. Өткен жылдың желтоқсан айында жылқы шаруашылығында асыл тұқымды жылқы шаруашылығын ашу жөнінде «Иманғали» шаруа қожалығы мемлекеттік реестрге асыл тұқымды жылқыларын тіркетіп отыр. Алдағы жылға бұл жұмыстар жалғасын тауып, жылқы шаруашылығынан қосымша бір шаруашылық және қой шаруашылығынан асыл тұқымды шаруашылық ашу жөнінде жұмыстар жүргізілетін болады.  

Өсімдік шаруашылығында ауыл шаруашылығы дақылдары алқабын әртараптандыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы егілген 12165 га жерден орташа есеппен 3,9 цетнерден барлығы 2598 тонна өнім алынды. Өсімдік шаруашылығында жоғары сұрыпты тұқымға 9,9 млн. теңге субсидия төленді.

Ауданымызда «Иманғали» ШҚ сыйымдылығы 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салды. Сонымен қатар, «Атамекен-Сырым» АШӨК-і 23 млн. теңгеге аудан орталығынан модульді мал сою пунктін салып, ет дүкенін ашып халықты нарықтағы бағадан арзан етпен қамтуын оңды іс деп айтуға болады. Бір ауысымда 10-15 бас ірі-қара мал сойылады. Сонымен қатар, осы мал сою пунктіне сыйымдылығы 2 тонна болатын рефреджератор автомашинасы алынды, құны 8 млн. теңге. Осы салынған мал сою пунктінің және алынған техниканың 50% инвестициялық субсидия болып есептеліп, төленіп отыр.

Цифрландыру мәселесіне келсек, ауданымызда 2017 жылы 1-2 шаруа қожалығы GPS трекер құралын пайдаланып келсе, күні бүгінге бұл 18 данаға жетіп отыр. Спутниктен бағып отырған жылқымыздың қай жерде жүргенін біліп, көріп отыру – әрине үлкен жаңалық болмақ.  Сонымен қатар, 2018 жылы «Жәдік» шаруашылығының жетекшісі Мақсот Бисенгалиев малды «Дрон» құралын сатып алу арқылы қарап бағуда. Бұл құрал біріншіден мал бағуды жеңілдетсе, екіншіден ұры-қарыдан қорғауда пайдасы мол. Өзге облыс, аудандарда пайдаланылып жатырған электронды мал бағу құрылғысын (электронный пастух) ауданымызда 3 ШҚ сатып алып, 2019 жылға пайдаланғалы отыр.

Аудан бойынша бруцеллез ауруына серологиялық зерттеу жұмыстары жылдық жоспар бойынша ірі қара 58561 бас (2017 - 49775 бас), ұсақ мал  бас 139618 бас (2017 - 124374 бас) толық зерттелді.

Бірдейлендіру жұмыстары шеңберінде 26000 бас (2017 - 21318 бас) ірі қара, 55636 бас (2017 – 61500 бас) ұсақ мал, 5837 бас (2017 – 3910) бас жылқы таңбаланды. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар аса қауіпті ауруларды алдын алу мақсатында вакцина екпе жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды.

Аралтөбе ауылында ветеринарлық пункт іске қосылды. Аудан бойынша мал қорымдарын салу және күтіп ұстау жұмыстарына 2018 жылға  аудандық бюджеттен 2,04 млн. теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 1 млн. теңгеге 30 мал қорымының құжаттары заңдастырылып, жер жобалары дайындалып мемлекеттік акті алынды. 

Ауданның барлық жер көлемі 1 188843 га құраса, соның ішінде 639013 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болып табылады. Ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлердің 19271 га. - егістік, 53938 га. - тыңайған, 40594 га. - шабындық, 521775 га. – жайылымдық жерлер және  3435 га. - басқа алқаптар. 

«Жер – ел қазынасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында жүргізілген жұмыстардың шегінде анықталған 116 игерілмеген учаскелердің пайдаланылмау фактілері анықталды. Жалпы 2018 жылы мемлекет меншігіне тапсырылған барлық жердің көлемі 21955 га, соның ішінде егістік- 10319 га, шабындық- 154 га, жайылымдық - 11452 га, басқа - 30 га.

Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында, «Qoldau.kz» электронды картаға жер телімдерін салу жұмыстары жүргізілуде. Болашақта мемлекеттен жеңілдетілген жану – жағармайын бөлу, егілген жылыжайлар т.б. мәселелердің барлығы электронды карта арқылы басқарылып, бөлінетін қаражаттар есептеліп берілетін болады. Қазіргі уақытта электрондық картаға барлығы 339449 га жер телімі енгізілді (67,7%).

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС.

2018 жылдың қортындысымен барлығы 1354 шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi тiркелген, оның 229 заңды тұлға, 1125 жеке тұлға. Шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң саны 2017 жылдың осы кезенімен салыстырғанда 2,3%-ға көбейiп отыр. Жұмыс жасайтын шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнің саны 1024, яғни тіркелген шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiнің 109,9 пайызын құрайды. Есептік кезеңге жаңадан 152 жеке кәсіпкер тіркелді.

2018 жылы кәсіпкерлік саласында 436 жұмыс орны ашылса, соның ішінде 256 адам тұрақты, 180 адам уақытша жұмысқа орналастырылды.

Жеке кәсіпкер Нурманова Ә. балалар киімі дүкенін, жеке кәсіпкер Шайхиев Ч. азық – түлік, шаруашылық дүкенін және жеке кәсіпкер Бердіғалиева Г.  30 орындық асхана ашты.

Бағаны тұрақтандыру  мақсатында өткен жылдың 17 наурызынан бастап 29 желтоқсан аралығында аудан орталығында әр сенбі сайын барлығы 42 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, халыққа қол жетімді бағамен 65,0 млн.тг немесе 348,9 тонна өнім ұсынылды.

 

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ.

Есептік кезеңде 54 жеке және коммуналдық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы алаңы 6121,39 шаршы метрді құрады, бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 157,7 пайызға орындалып отыр. Барлығы 22 жеке өндірістік қоғамдық ғимарат пайдалануға берілді, жалпы алаңы – 7560,4 м2. 2017 жылы 7 жеке өндірістік ғимарат, жалпы алаңы – 3293,4 м2.

Жымпиты ауылынан әкімшілік ғимарат және гараж ғимаратының бу қазандықтары құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта тұрғын үй кезектілігінде 250 азамат тұр, осы мәселені шешу мақсатында биылғы жылы Жымпиты ауылынан 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй салу жоспарланып отыр. 

Көгілдір отынмен қамту. Тоғанас ауылындағы әлеуметтік нысанның газдандыру жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде ауылдық округі әкімі аппараты, емдеу амбулаториясы және мектеп нысандары көгілдір отынмен қамтылды. Сонымен қатар Аңқаты, Құспанкөл, Қарағанды, Сасықкөл, Жанаөңір елді мекендерінің әлеуметтік нысандарын газдандыру және Жымпиты ауылындағы аудан әкімдігі мен саз мектебі ғимараттарына бу қазандықтары ғимараты салынып, іске қосылды.

Ауыз сумен қамту. Аудан халқының 74,5% таза ауыз сумен қамтылып отыр. 2017 жылы ауданның Аралтөбе, Жосалы ауылдарының ауыз су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілсе, 2018 жылы Бұлдырты ауылының ауыз су құбыры құрылысы аяқталып, 2086 тұрғынды таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік туып отыр.

Сонымен қатар, Бұлан ауылына қосымша ұңғыма қазу жұмыстары толығымен аяқталды. Алғабас, Тоғанас ауылдарында ауыз су ұнғымалары іске қосылды. Халықты ауыз сумен тұрақты қамту мақсатында Жымпиты, Қарағанды ауылдарындағы су ұңғымаларына электр желілері қайта тартылды. Шағырлой, Көгеріс ауылдарына қосымша ауыз су нүктелері тартылды.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жалғастыра отырып, биылғы жылы Қосарал, Жетікөл, Тоғанас, Құспанкөл, Аңқаты ауылдарындағы ауыз су құбырын қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр.

КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ.

Ауданымызда 196 км республикалық, 132 км облыстық және 296 км аудандық маңыздағы жолдар бар.

Аудан орталығының әлеуетін арттыру мақсатында жылма-жыл ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осындай жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып, Өлеңті ауылына кірме жолын орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Жымпиты ауылындағы 24,3 шақырым жолдарды күтіп ұстау бағытында «Сырым» МКК мекемесімен келісім шарт жасақталды. Сонымен қатар аудандық маңызы бар жолдардың Алғабас (240,5 млн.теңге), Тоғанас (787,6 млн.теңге) ауылдарына кірме жолдарға ЖСҚ жасақталып, сараптамадан өткізілді. Биылғы жылы Алғабас ауылына дейінгі 2 шақырым кірме жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Жоба құны 194,5 млн. теңге.

Санитарлық тазалық жұмыстары аясында елді мекендердегі күл-қоқыстарды жоюға 5,8 млн. теңге қаржы бөлініп, 11706 тонна күл-қоқыс шығарылды. Осы жұмыстар шеңберінде Алғабас, Аралтөбе, Бұлан, Елтай, Жосалы, Қособа, Сарой, Жосалы ауылдық округтеріндегі полигондарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ.

Ауданымызда 2019 жылдың 1 қаңтарына ресми жұмыссыздар есебінде 103 адам, жұмыссыздық деңгейі 0,9 % құраса,ал, 2018 жылдың 1 қаңтарына 81 адам, жұмыссыздық деңгейі 0,7 % құрады.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы 3 бағытта жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарға 90 адам оқытылып, соның 56-сы жұмысқа орналастырылды. 2017 жылы 159 адам жолданып, 41-і жұмыспен қамтылған болатын. Бұдан бөлек, ұзақ мерзімді кәсіптік оқытуға аудандық білім беру бөлімі арқылы 49 адам оқуға жолданып,  2017 жылмен салыстырғанда 21 адамға артып отыр. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытында ауданда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 167 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

2018 жылы 97 адам 353,3 млн. теңге, 2017 жылы 13 адам 49,1 млн. теңге несие алды. Мұның сыртында, 4 адам 100 АЕК көлемінде (240500 теңге) қайтарымсыз грант ұтып алды. «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағытында Жастар практикасымен 95 жас маман тәжірибе жинақтауға мекемелерге жолданды. Оның 15-і тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жұмыс орындарына 55 адам орналасып, 2017 жылмен салыстырғанда13 адамға артты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 267 адам тартылды. Жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкес 711 адам жұмысқа орналасты, 2017 жылмен салыстырғанда 248 адамға артып отыр. 2018 жылы 568 (тұрақты-313, уақытша-255) жаңа жұмыс орындары құрылды. 2017 жылы 481 (тұрақты-235, уақытша-246) жаңа жұмыс орындары құрылған болатын.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2017 жылы 36 маманға 5 млн. 718 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және 38 маманға 118 млн. 870 мың теңге бюджеттік несиесі берілсе, 2018 жылы өз кезегінде 40 маманға 6 млн. 734 мың теңгеге көтерме жәрдемақы және 36 маманға 112 млн. 87 мың теңге бюджеттік несие берілді.

2018 жылы «Өрлеу» жобасы жалғасын тауып, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Аталған көмекке 2018 жылы 239 отбасына (1086 адамға) 48,5 млн. теңге көмек тағайындалды. Нәтижесінде 759 адам мал алып отыр. Жоғарыда аталған 1086 адамның ішінде жұмысқа қабілеттісі 463 адам болса, соның ішінде 269 ресми жұмыссыз. Соның ішінде, 126 адам тұрақты жұмысқа,132 адам қоғамдық жұмысқа, 8 адам әлеуметтік жұмысқа, 27 адам кәсіптік оқуға, 6 адам жастар тәжірибесіне тартылды.

Тұрғын үй көмегі 56 отбасына 2,3 млн. теңге көлемінде төленді. 2017 жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 43,6 пайызға көбейді.

Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен әлеуметтік материалдық төлемдер 880 отбасына 20,5 млн. теңге көлемінде төленді. 2017 жылмен салыстырғанда материалдық төлем алушылар саны 4,8 пайызға артып отыр.

Аз қамтылған 1779 отбасына 10,9 млн. теңгеге қайырымдылық және ізгілік көмек көрсетілді. 2017 жылмен салыстырғанда көмек алушылар 3,2 пайызға көбейді.

Ауданда 2019 жылдың 1 қатарына 558 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Есептік кезеңде 51 мүмкіндігі шектеулі жанды міндетті гигиеналық құралдармен қамтуға жергілікті бюджеттен 4,02 млн. теңге, республикалық бюджеттен 6,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Есептік кезеңге      41 мүгедек жеке көмекшімен қамтылып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың өз кәсібімен айналысуына мүмкіндік туғызу мақсатында «Бастау-Бизнес» жобасының кәсіпкерлік негіздеріне 7 адам оқытылды. Сонымен қатар, «Игілік» бағдарламасымен 4 адам 7,5 млн. теңге несие алды. «Бастау-Бизнес» жобасына қатысушы Жымпиты ауылының тұрғыны Сергазиев Аманжол жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты ұтып алды, құны 240 500 теңге (қатты қалдықтарды (пластикалық бөтелкелер) қайта өңдеуге аппарат сатып алды).   

 

БІЛІМ БЕРУ

Ауданның білім беру саласында 21 мектеп (13 орта, 6 негізгі, 2 бастауыш), 3 қосымша білім беру ұйымдары және 1 кәсіптік білім беретін колледж бар.

Білім беру саласына 2018 жылы 2 млрд. 147 млн. теңге қаржы бөлінді (2017 жылы – 2 млрд. 161 млн. теңге).

Аудан мектептеріндегі оқушылар саны-2951. Педагогтар саны -486. Ыстық тамақпен қамтылған оқушылар саны 1-4 сыныптар 100%, Барлығы – 1854 оқушы, қамтылуы - 62,6%.

2017-2018 оқу жылы оқушылардың жазғы демалыспен қамтылуы– 2735-ті қамтып, 99,1% құрады. Жазғы демалыспен қамту жұмыстары аясында 2 оқушы Италия қаласында демалып келсе, жалпыға бірдей білім қорынан ерекше білімді қажет ететін 18 оқушыға Астана қаласына саяхат ұйымдастырылды.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 31,1 млн. теңгеге  ЖББ В.Шубин атындағы орта мектептің, ЖББ Көгеріс негізгі мектебінің аулаларына өрнек тастар төсеу, ЖББ Бұлдырты орта мектебінен мұражай жасақтау және мектептердің технология кабинеттеріне тігін машиналары, спорт жабдықтары, балабақша ойыншықтары және т.б. жабдықтар алынып берілді.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес, мектеп оқушыларының ІТ бағытындағы білімін жетілдіру мақсатында ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінен ІТ сыныбы ашылды. Бұл сыныпта 8 жастан 16 жасқа дейінгі балалар бағдарламалау тілдері, робототехника және 3D модельдеу бойынша оқытылады. Сондай-ақ олар ғылыми-техникалық білімді шынайы өмірде қалай қолдану қажеттілігін де меңгереді. Аталмыш сыныпты жабдықтауға жергілікті бюджеттен 3,3 млн. теңге қаражат бөлініп, қажетті жабдықтармен, жиһаздармен қамтамасыз етілді.

Мектептерді Білім бук, компьютер трансформерлермен қамту мақсатында облыстық бюджеттен 34,1 млн. теңге қаражат бөлініп, 62 дана сатып алынып мектептерге толық орнатылды.

Bilimland білім беру порталы бойынша  18 мектеп онлайн (барлығы 435 логин мұғалімдерге), 3 мектеп офлайн арқылы материалдар алуда.

        

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Сырым ауданы бойынша 29 денсаулық сақтау мекемесі: 1-орталық аудандық аурухана, 6-дәрігерлік амбулатория, 5-фельдшерлік-акушерлік пункт, 17 медпункт жұмыс жасайды. Денсаулық сақтау саласында жалпы саны 387 қызметкерлер, соның ішінде 29-жоғары білімді дәрігер, 180-орта буынды, 187-әртүрлі мамандар жұмыс жасайды.

Аудан бойынша туу көрсеткіші 338-ді құрап отыр. Тұрғындардың қан жүйесі ауруымен, қант диабеті ауруымен, тоқ ішек ауруларының алдын-алу мақсатында скринингтен 7075-тен астам адам тексеруден өткізіліп, олардың 259-нан ауру анықталып, сауықтыру жұмыстары жүргізілді. Флюрографиялық тексерістен 7664 өткізілді.

Елбасы Жолдауында көрсетілген ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жылжымалы медициналық кешен (ПМК) 132 елді мекенде болып, 36482 адамды тексерістен өткізді, соның ішінде 6346 адамнан әртүрлі дәрежедегі ауру анықталып сауықтырылды.

Құспанкөл, Қарағанды, Жаңаөңір, Жетікөл елді мекендеріндегі медпункттер 52,5 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.

 

МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ

Аудан бойынша 14 мәдениет ошағы, яғни 1 аудандық,  8 ауылдық мәдениет үйлері және 5 ауылдық клубтары, 11 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар өнер ұжымдарымен көркемөнерпаздар үйірмелері бар

2018 жыл бойына 678 мәдени-көпшілік және 95 мыңнан астам көрермен қамтылды.

Ауданның кітапхана жүйесі құрылымында 24 кітапхана қызмет етуде, Соның ішінде Алғабас, Аралтөбе, Бұлдырты, Өлеңті және Шағырлыой кітапханалары «Модельді кітапхана» статусымен қызмет көретуде. Есептік кезеңге  оқырмандар саны 14175 адамды құрап отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен «Сырым аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар дарынды жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы жерлесіміз Мұқадес Есламғалиұлының есімі берілді.

Ауданда мәдениет саласын одан әрі дамыту, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың материалдық-техникалық базаларын жаңартуға барлығы 4,6 млн.теңге көлемінде қаржы бөлініп, оған Қособа, Тамды ауылдық клубтарына аппаратура, микрофондар және т.б. қажетті жабдықтар алынып берілді.  

Есептік кезеңде оздырылған ауқымды мәдени іс-шараларға тоқталсақ:  

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Д.Ізмағамбетовтың «Донеділ» атты кітабының тұсаукесері, Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері, Қазақконцерт өнер бірлестігінің бас директоры, А.Маемировтың шығармашылық кеші, жерлес әнші, Ж.Ғайсағалиевтың шығармашылық кеші, ақын Б.Ширмедденұлының «Қалаға хат» атты кеші, Орал қаласында дәстүрлі әнші А.Алдамжаровтың «Алқаңа келдім асылдар» атты кеші, әнші термеші М.Мамыховтың «Сахна әншісімен әрленгенде...» атты кештерін және Социалистік Еңбек Ері У.Шоқановты еске алуға орай мәдени-спорттық шараларды атап өтуге болады.

Бұлдырты ауылында «Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңыздылығы» тақырыбында республикалық деңгейде конференция  өткізіліп, жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебінде музей ашылды.

2018 жылы Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аталып өтті. Аудан көлемінде оздырылған көптеген мәдени-көпшілік, бұқаралық-спорттық шаралар осы атаулы датаның аясында өткізілді. Астана қаласының  20  жылдығына орай «Мен қазақпын» дәстүрлі әншілер мен термешілердің облыстық байқауы өткізіліп, облыс орталығынан, аудандардан 10-ға жуық республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген дәстүрлі әншілер мен термешілер қатысты.

Есептік кезеңде 382 спорттық шаралар оздырылып, 12365 тұрғын қамтылды. «Туған жерге тағзым», т.б. жобасы аясында Жамбыл, Қособа ауылдарында шағын футбол алаңы салынып тұрғындар игіліне берілсе, Талдыбұлақ, Қосарал ауылдарымен аудан орталығында хоккей корты, Аралтөбе, Талдыбұлақ, Жосалы, Қособа ауылдарында «StreetWorkOut» алаңдары ашылған болатын. Сонымен қатар, Шағырлой елді мекенінде жергілікті тұрғындардың өз қаражаттары есебінен шағын спорт алаңы салынуда. 2018 жылы Жымпиты ауылының «Қарасу» мөлтек ауданында және Бұлан ауылында аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға спорт алаңдары салынып пайдалануға берілді. 2019 жылы бюджет қаражаты есебінен 2 елді мекенге (Жосалы, Талдыбұлақ ауылдары) спорт алаңдарын және 3 елді мекенге мектептер жанынан спорт алаңдарын салуға жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда.

Спорт саласындағы материалдық-техникалық базаларды жаңартуға 2,1 млн. теңге жұмсалып, үйірмелерге (күрес) спорттық киімдер және қажетті спорттық тауарлар алынып берілді.

Мәдениет саласындағы тың жаңалықтың бірі жоғарыда атап өткен жыл сайын есептік кездесулерде тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген мәселе Қособа ауылынан клуб ғимаратының салынуы болып отыр.

Қоғамдық тәртіп.

Есептік кезеңде 161 қылмыстық құқық бұзушылық (2017 жылы – 162 қылмыс) тіркелген. Жалпы тіркелген қылмыстардың 110-ы бөтен мүлікті ұрлау фактісі болса, соның ішінде 48-і мал ұрлығы. Мал ұрлығы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 48-ден 14 фактіге азайды. Сонымен қатар, ашылу пайызы 17,3-тен 47,9 %-ға жақсарды.

Жыл ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 17-ден 15-ке, көшеде жасалған қылмыстар 12-ден 6-ға, бұрын сотталған тарапынан қылмыстар 43-тен, 37-ге, мас күйдегі жасалған қылмыстар 17-ден 14-ке азайды. Жасөспірімдер тарапынан қылмыс орын алған жоқ.

Сырым аудандық полиция бөлімімен 2018 жылдың 12 айында 1310 (2017 ж.-1326) әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 5,7 млн. теңге (2017ж. – 6,9 млн. теңге) айыппұл салынып, соның 4,2 млн. теңгесі (2017 ж. – 4,2 млн. теңге) немесе 75,2 % (2017 ж.- 67,2 %) өндірілді.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауынан туындаған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік қызметтердің жұмысын оңтайландыру және бизнес процестерді ықшамдау бағатында андройд базасындағы смартфондарға арналған «Smart Syrym» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшада жергілікті атқарушы орган басшыларының жеке қабылдауына және дәрігерлерді қабылдауына жазылу, салықтар мен айыппұлдарды онлайн төлеу және такси қызметіне жүгіну т.б. мәліметтер жүктелген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауданымызда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламасы аясында жалпы құны 19,6 млн. теңге қаржыға, 28 жоба соның ішінде балалар ойын алаңдары, спорт алаңдары, street work out, ауылға кіре беріске аркалар мен белгілер және т.б. орнатылды.

 

Қадірменді аудан тұрғындары!

Осы атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жылға жоспарланған жобалар аудан тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымақтастығының нәтижесі деп білеміз. Сондықтан, аудандағы оң істер болашаққа жасалған нық қадам боларына сенімдіміз.