Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылының тұрғындары үшін өткен жыл толайым табыстарға толы болды 31.01.2017

Орал-Ақтөбе күре жолымен жалғап жатқан 12 шақырым жол жөнделіп, ауылдықтар көгілдір отынның игілігін көрді. Мектеп, амбулатория секілді әлеуметтік нысандар жаңа көлікпен қамтамасыз етілді. Дегенмен, көптің көңілінде жүрген өзекті мәселелер әлі де аз емес.
Бұлдырты облыс орталығынан 210 шақырым қашықтықта орналасқан. Самара-Шымкент тас жолына тиіп тұр. Небәрі 12 шақырым. Дегенмен осы таяқ тастам жерді жүріп өту оңай емес еді. Талай жыл тұрғындарды толғандырған түйінді мәселе былтыр шешімін тапты. Жол жөндеуге облыс бюджетінен 540 млн теңге бөлініпті.
Болат Тасқалиев, Бұлдырты ауылының тұрғыны:
- Бұрын 40-45 минут жүретін едік 12 шақырымды. Шұрқ тесік. Біз сол үлкен жолмен жүрмей, жанындағы жолмен жүретін едік. Жолымыз былтырдан бері іске қосылды.
Әкімдермен жыл сайынғы жүздесуде жұртшылықтың сұрайтыны табиғи газ құбырын тарту болатын. Ол да орындалды. Ауылдағы 500-дей үйдің үштен бірі қазір көгілдір отынның қызығына кенеліп отыр.
Айгүл Рахова, Бұлдырты ауылының тұрғыны:
Жыл сайын қашан газ қосылады деп армандаушы едік. Қазір былтырдан бері жақсылығын көріп отырмыз. Газымыз бар, суымыз үйге кіріп тұр.
3 мыңнан астам тұрғыны бар Бұлдырты ауылында кәсіпкерлік қанат жайып келеді. Округте 52 шаруа қожалығы, 47 жеке кәсіпкер, 6 ауылдық өндірістік кооперативі тіркелген. Шағын бизнестің дамуына мемлекеттің көмегі көп. Былтыр ауылда 6 адам жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алған. Мына шағын шаштараз соның бірі. Мұнда 2 жұмыс орны ашылыпты.
Ерген Оразов, кәсіпкер:
- Наубайхана ашу жоспарымызда бар. Болашақта осылай мемлекет кәсіпкерлерге көмек бере берсе, жаңа жобалар ашып, халықты жұмыспен қамтуға дайынбыз.
Есептік кезеңде айтылғандай, ауылда атқарылған ауқымды істер аз емес. Дегенмен шешімін табуды қажет ететін жайттар да жеткілікті. Электр желілерінің тозығы жеткендіктен жарық жиі өшеді. Емхана ескі. Спорттық алаңдар керек. Әкімдермен жүздесуде ауыл жұртшылығы осыны сұрады.
Ерлан Мақашев, Бұлдырты ауылының әкімі:
- Амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Облыста бекітіліп тұр. Биылға қаржы бөлінсе, салынады деген жоспарымыз бар. Жарық мәселесіне келсек, Жымпитыдп екі ортаға 35 кВт электр желісі ақаулы акттер жасалып жатыр.
Ауыл тұрғындарының негізгі тірлігі төрт түлікпен тығыз байланысты. Сол себепті де есептік кездесуде ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен демеуқаржыны алу тәртібі, ауылдық өндірістік кооперативтер құру жолдары жайлы аудан әкімі Абат Шыныбеков жан-жақты баяндап берді.