Биылғы жылдың 4 айы қорытындысы бойынша ауданымызда мал ұрлығы қылмысы 30,8% артып отыр. Жыл басынан қазіргі 15 мамыр аралығында аудандық ішкі істер бөлімінде 20 мал ұрлығы қылмыстары тіркелді.
Облыс көлемінде 2016 жылдың тамыз айынан бастап «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы» жүзеге асырылуда.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – мал ұрлығына тосқауыл қою, ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру, олардың бағымсыз жүруіне жол бермеу.
Прокуратура органымен жыл басынан бері барлық округтегі әкімшіліктер арқылы 2280 аудан тұрғынына ескерту парақшалары ұсынылды. Ауылдық округтерінде халықпен жиылыстарында, еңбек ұжымдарымен, көше тұрғындарымен кездесулерде, «Сырым елі» газетінде мақала жариялау, әлеуметтік желілерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Дегенмен, мал иелерінің жеке меншігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларын бағымға қоспау немесе бағымнан келген малдарын ұстау орындарына қамамай, қараусыз қалдыру, бақташымен келісім-шарт жасамау  түріндегі алдын алу шараларын жүргізбеу салдарынан мал ұрлығы қылмыстарының өршуі орын алуда.
Орын алған 20 мал ұрлығының 6-уы қора-қопсыдан түнгі мезгілде ұрланса, қалған 14 ұрлық жайылымнан, ірі қара мен жылқы малдарының иелерімен ұзақ уақыт қаралмауы, яғни бағымсыз жүрген кезде ұрыларға қолды болған.
Жымпиты ауылдық округі бойынша 6 мал ұрлығы қылмысы жасалса, Бұлдырты – 4, Шолақаңқаты – 2, Аралтөбе  - 2, Жетікөл – 2, Алғабас – 1, Сарой – 1, Тасқұдық – 1 қылмыстары жасалған.
Қазіргі кезде аудандық прокуратура бастамасымен жергілікті полиция, құзыретті мемлекеттік мекемелермен бірігіп түнгі кезекшіліктер ұйымдастырылды. Түнгі мезгілде, көшелерде бағымсыз, қараусыз жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары анықталып, уақытша ұстау орындарына қамалып, мал иелеріне ескертулер берілді. Бұл алдын алу, түсіндірме  шаралары күнделікті, жүйелі түрде атқарылатын болады.
Құрметті аудан тұрғындары !
Бұл меншік қылмысымен күресте барлық қоғам, әр ауыл, әр мал иесі болып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып қарсы тұруымыз қажет.
Әрбір елді-мекенде ауыл жұртшылығынан «еркін жасақшылар» шығарып, қамалмай жүрген малдарды қаматтыру, түнгі мезгілде кезекшілік қойып, бейсауыт жүрген адам, автокөліктерді жіті қарау, әрбір тосын оқиға бойынша учаскелік полиция инспекторы мен ауыл әкіміне дер кезінде хабар беріп, аудандық ішкі істер бөлімін ақпараттандыру арқылы қарапайым сақтық шараларын жасауды, азаматтық белсенді ұстанымызды көрсетуіңіз сұралады.
«Сақтансаң сақтармын» демекші, әрбір ауыл шаруашылығы жануарларының иесіне өзінің меншігіндегі жануарын бірдейлендіріп, бағымға қосып, оны келісім-шарт арқылы рәсімдеп, қараусыз қалдырмай, түнгі мезгілде ұстау орынында қамап, қорғау шараларын қамтамасыз етуі қолданыстағы заңнамалар реттелгендігін ескертіп түсіндіреміз.

Сырым ауданының прокуратурасы