1917 жылдың жазына қарай қазақтың либералдық – демократиялық қозғалысы жетекшілерінің Уақытша үкіметке деген сенімі әлсіреді. Өйткені Уақытша үкімет Қазақстанда түбірлі әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша іс жүзінде құлатылған патша үкіметінің саясатын жүргізумен болды. Өзінің мәні жқнінен империалистік билеу мен басқару органы болған Уақытша үкімет нағыз демократиялық тұрғыдан ұлт және аграрлық мәселелерді шешу тұрмақ, оған талпыныс та жасамады. Басқа езілген халықтар сияқты, қазақ халқының өзін-өзі билеу, Қазақстанның өз алдына ұлттық-демократиялық автономия болуы жөніндегі мәселені мемлекеттік дәреже деңгейіне көтереді деген үмітті Уақытша үкімет аяқасты етті. Осыдан кейін Уақытша үкіметтегі шешуші позицияға ие болып отырған кадеттерге деген Ә.Бөкейхановтың көзқарасы күрт өзгерді. Мұны Ә.Бөкейханов кейінірек «Қазақ» газетінің 1917 жыылғы 23 желтоқсандағы 256-санында жарияланған «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» деген ашық хатында (хат «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 25 қаңтарындағы №29 санында басылды) жан-жақты негіздеді. Осы сұраққа кадет партиясынан неге шықтым» деген сұраққа жауабында Ә.Бөкейханов негізгі үш мәселеге оқырмандардың назарын аударған: «кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн» дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса. Башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сытырылып қалады.
Кадет партиясы ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиналып, ұлт автономиясын тікпек болдық.
Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді, молда үкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқасты болмақ. Жалование алған молдалар хүкіміетке жетекшіл болып,  еріп кетеді. Біздің қазақ қырғыз дін ісін көркейтетін болса, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Мұны орысша «отделение церкви от государство» дейді. Кадет партиясы менің бұл пікіріме өзгеше қарайды.
Осы үш жол айырылғаны биыл ашыққа шықты. Мен содан соң қазаққа Алаш партиясын ашуға кірістім. Мен мұны июлдегі (1917 жылғы шілде – К.Н.) жалпы қазақ сьезінде айтқан едім».
Басқа сөзбен айтқанда, Ә.Бөкейханов кадет партиясынан ат құйрығын үзуін қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселе жөнінен – аграрлық, ұлттық-мемлекеттік құрылыс және дін мәселесі бойынша келіспегендіктен деп түсіндіреді. Осы басты мәселелер мен олармен тығыз байланысты басқа да күрделі проблемаларды талқылау үшін бүкілқазақтық сьезд шақыруды дұрыс деп тапқанын ашық мәлімдейді. Осының нәтижесінде Ә.Бөкейхановтың кадет партиясынан іргесін аулақ салып, енді қазақ автономиясын құруға мұрындық болуға тиісті ұлттық-саяси партия ұйымдастыруға бел шеше кірісуі үлкен саясаткерге тән батыл қадам болды.
Бірінші бүкілқазақтық сеьзд 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария облыстары мен Бөкей ордасынан, сонымен қатар Ферғана облысының қазақтар мекендеген аудандарының өкілдері қатынасты.  Сеьзге қатынасушылар саны аса көп болмағанына қарамастан (20-дан астам адам), оның күн тәртібіне сол кездегі Қазақстаның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси өміріне тікелей қатынасы бар аса маңызды 14 мәселе енгізілді. Бұл мәселелердің басым көпшілігі 1917 жылғы сәуір-мамыр айларында болған облыстық қазақ сеьздерінде алдын ала талқыланған болатын және олардың ең маңыздылары болып саналғандары жалпықазақтық құрылтайға ұсынылған еді. Олар:
1. Мемлекеттік басқару формасы.
2. Автономия құру мәселесі.
3. Жер мәселесі.
4. Халық милициясын құру.
5. Сот ісі.
6. Дін мәселесі.
7. «Алаш»саяси партиясын құрып, оның бағдарламасын жасау.
8. Құрылтай жиналысын шақыру.
9. Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары туралы.
10. Жетісудың ашыққан халқына көмек.
11. Халық ағарту ісі.
12. Земство
13. Әйел мәсселесі
14. Киев шаһарында болатын бүкіл Россия федералистерінің сеьздіне һәм Петроградта болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу.

Х. Досмұхамедовтың төрағалығымен, Ахмет Байтұрсыновтың, Ә.Көтібаровтың, Міржақып Дулатовтың және Асылбек Сейітовтың хатшылығымен өткен бірінші жалпықазақтық сеьзд делегаттары осы 14 мәселенің ішінде өздерінің басты назарын ұлттық автономия, жер, құрылтай сьезіне дайындық және қазақтың  саяси партиясынын құру проблемаларына аударды.
Бірінші жалпықазақтық сьезд өзінің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі – қазақ саяси партиясын құру мәселесін талқылау барысында іс жүзінде осы партияны ұйымдастыруға арналған Құрылтай жиналысына айналды. Осы мәселе жөнінде сьезд қабылдаған қарарда былай делінеді: «Қазақ халқынаң өз алдына саяси партиясы болды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды сьезд исламға сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократическая федеративная парламентарная республика құрылмақ. Партия жобасын жасап болған соң өкілдер қазақ областной комитеттерінің қарауына жіберді. Онан кейін Учредительное собраниеге жиналған қазақ депутаттары қарап бекітеді.
Қазақ саяси партиясының жобасы жасалғанша осы сьездің қаулылары Учредительное собраниеге баратын қазақ депутаттарына наказ – аманат болады».
Жаңадан құлған партия «Алаш» деген атқа ие болды. Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне сьезд шешімімен Ақмоладан Айдархан Тұрлыбаев, Семейден Әбікей Сәтбаев, Торғайдан Әлжан Байғарин, Оралдан Жаһанша Досмұхамбетов, Бөкейден Уәлихан Таңашев, Жетісудан Базарбай Мәметов, Сырдариядан Мұстафа Шоқай, Ферғанадан Ғ.Оразаев сайланды.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды-демократиялық интелегенциясының көсемдері басқарған Алаш партиясының құрамына әуел бастан-ақ қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдері – М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, Ә.Ермеков, Ж.Досмұхамедов, М.Дулатов, т.б. кірді.
Олардың басым көпшілігі 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдайда социалистік идеологияны, таптық прициптерге негізделген күрес бағдарламассын қабылдаған жоқ, өйткені Алаш партиясы қайратерлерінің пікірінше сол кездегі қазақ қоғамы тұтас алғанда оған дайын емес еді. Сондықтан да, олар өз күресін жалпыұлттық мүлдеге негізделген «қазақ халқын отарлық езгіден құтқару үшін» деген ұранныңң астында топтастыруға бағыт алды. Бұл бағытты жүзеге асырудың басты құралы – бірінші жалпықазақтық сьезде дүниеге келген Алаш партиясы болу керек деп түсінді.
Сьездің күн тәртібіндегі 14 мәселе бойынша қабылданған қарарлар тізбегі  кейінірек, 1917 жылғы «ҚАЗАҚ» газетінде қарашаның 21-күні жарияланған Алаш партиясы бағдарламасы жобасында өз бейнесін тапты.
ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығында Ә.Бөкейханов пен оның пікірлестері қазақттың ұлттық партиясын әуел баста патша үкіметіне оппозицияда болған либералды орыс буржуазиясының партиясы – кадеттердің үлгісінде құруға бейім тұрды. Сондықтан да 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін құрылған Алаш партиясының идеялық бастау көздерін бірінші орыс революциясы кезеңінен іздеген жөн.