Былтыр басталған Жаңаөңір - Сасықкөл - Қарағанды - Құспанкөл - Тоғанас – Аңқаты бағытында газ құбырларын тарту жұмыстары ендігі аяқтала келді. Кеше Шолақаңқаты ауылдық округінде жұмыс сапарымен болған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев жаңағы жұмыстарды жүзеге асыруға жауапты мердігер «ӘлияСервис» ЖШС – нің бас инженері Әнуар Мардановпен кездесті.
Серіктестік өкілінің айтуынша, былтырғы жылдың қараша айында басталған жұмыстар өзінің межелі уақытында аяқталып отыр. Қазір Алғабас ауылдық округіне қарасты 2 елді мекенге, Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты 3 елді мекенге жоғары және орта қысымды газ құбырлары жеткізіліп тұр. Ендігі жерде әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үй секторларын көгілдір отынға қосу үшін келесі бір мердігер серіктестік «Экодаши Газ и К» іске кіріседі. Құны 243, 3 млн теңгені құрайтын бұл жобаның жүзеге асуымен Сырым ауданының газбен қамтылу пайызы толық бүтінделеді. 
Ендігі шаруа – осы отынды үйді – үйге тарату болып отыр. Тұрғын үйлерін газ желісіне қосу жағынан Құспанкөл, Аңқаты ауылдары жақсы белсенділік танытып жатыр. Тұрғындардың осындай белсенділігі әуелі мердігер үшін, ал тұрғындардың өздері үшін тіпті тиімді. Тиімді болғаны сол, жаңағы ауылдардың ішінде төменгі қысымды газ желілерін үйлерге тарату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстар Сасықкөл, Жаңаөңір және Қарағанды ауылдарында тоқтап тұр. Себебі, тұрғындардың көбінде көгілдір газды тұтынуға ынта жоқ. Ынта жоқ дегеннен, мүмкіндік жағы кемшін деген де дұрыс болар. Мердігерлердің үйге газ кіргізу қызметіне сұрайтын құны – 320 000 теңге. Аз ақша емес. Әсіресе, ауыл адам үшін. Десек те, заманның жасаған игілігін көрген жақсы. Жаңағы ауылдарда болған тұрғындармен кездесуде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев осыны айтты. Тұрғындардың ішінде қаражатын қолына ұстап алып, әліптің артын бағып қана отырғандары да бар. Олар «Газ келе ме? Әлде келмей ме?» деп күмәнға салынбай, іске кірісе берсе де болады. Газ келеді. Қазір көгілдір отын ауылдың бауырына келіп тұр. Салтанатты алау жағылатын күн де белгілі.
Елді мекендердегі кездесуде ауыл тұрғындары аудан әкімінің алдына шығарған бір мәселесі – ауыл мектебін сақтап қалу. Оқушы санының болмауына орай былтыр Сасықкөлдегі бастауыш мектеп жабылған. Осы қауіп бүгін Жаңаөңірдегі ауыл мектебіне төніп тұр. 
Тұрғындар кейінгі кездері ірі қара малдан байқалған індетке де алаңдаушылық білдіруде. Аудандағы малдың нодулярды дерматит деп аталатын дертке шалдығып жатқандығы жайлы ақпарат күніге естілуде. Бұл мәселеге кездескен тұрғындар бірінші кезекте түлігіне сауықтыру шараларын қолданғаны дұрыс. Бұл үшін аудандағы ветеринар мамандар да барлық мүмкіндік бар. Дерттің адам денсаулығына зияны жоқ.