Сырым ауданының орталығындағы Жымпиты және Өлеңті ауылдарының 2014 жылы мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасының аясында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылғаны белгілі. Бүгінгі күні 34 көшедегі 1500 тұрғын үй ауыз суды жеке секторда тұтынуда.

Аудан орталығына тұтынуға берілетін судың тәуліктік лимиті 450 текше метр. Бұл - арнайы белгіленген меже. Алайда, ауылдың су тұтыну көлемі белгіленген лимиттен артық. «Сырым» коммуналдық мекемесі күні бүгін тұрғындардың тұтыну сұранысын толық өтеу үшін тәуліктік лимитті 650 текше метрге дейін ұлғайтып отыр. Бірақ, судың да сұрауы бар.

Біздер осы мақала арқылы ауыл тұрғындарын ауыз суды мақсатсыз пайдаланудан аулақ болуға шақырғымыз келеді. Ауыз суды тек адамның тұтынуы тиіс. Ақыры аулаға келіп тұр екен деп оны ағыл – тегіл төгіп, ысыраптауға мүлде болмайды. Өкінішке орай, адам ішетін ауыз сумен мал суарып, бау – бақша баптайтын, тіпті ұзынырғай шланг шығарып алып көшеде көлік жуатын ауылдастарымыз да бар. Осындай ысырапшылдықты қою керек. Қазіргі таңда Жымпиты ауылдық округінің әкімшілігі техникалық су мәселесін шешуде. Техникалық су ауыз суды үнемдеуге көмектеседі деген үмітіміз бар. Бұл жерде тұрғындардың терең түсіністігі керек. 
Су – табиғи ресурс, тіпті табиғи байлық. Сондықтан байлықты бар кезінде бағалайық! Ауыз суды ысыраптамаңыздар, ауылдастар!