«Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы бойынша кешенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатымен ауданымызға кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік саясаты бойынша кәсіпкерлермен кешенді жұмыстар жүргізу ведомствоаралық жұмыс тобы келді.
Жиынға Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық етті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Азамат Қуаншалеев 2017 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға арналған он екі бағдарламаға 9 млрд-тан астам қаржы бөлінгенін айтты. «Бағдарлама бойынша мал алып, жұмыстанып жатқан шаруашылық құрылымдары ет тапсыру үшін облыста көтерме тарату орталығының құрылысы жоспарлануда, оған арнайы инвестор іздестірілу үстінде. Ақжайық ауданында мал сою пункті жұмыс жасайды. «Кублей» ЖШС Қытай мемлекетімен келісімшартқа отырса, Қытайға ет экспортқа шығады, көрші мемлекет етті қымбат бағаға алуға мүдделі»,- деді Азамат Асылбекұлы.

«Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» БҚО филиалының өкілі Дана Қанатова қордың қаржылай және бизнес-кеңесшінің қолдауын көрсететінін айтты. «Даму» қоры екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасайды, қор атынан несие алатын кәсіпкерге кепілгер болады, кәсіпкерлерге заңгерлік, бизнес-көмекшінің кеңестерін береді, арнайы бизнес негіздеріне оқытып, семинарлар ұйымдастырады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несие береді.
Жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының өкілі Біржан Қажыгереев, «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының өкілі Бауыржан Жұбаниязов, облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік инспекторы Шыңғыс Нұрғалиев сөз сөйлеп, жұмыстары жайында түсіндірді. Кәсіпкерлер ақпараттық-түсіндіру тобына көкейдегі сұрақтарын қойып, жауап алды.