Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2006 жылы Ассамблеяның жиынында латын әліпбиіне көшу жөнінде мәселені қозғаған болатын. Жуырда жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында да таяу жылдардағы міндеттер деп қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырды. Осыған орай аудан орталығында «Латын әрпіне көшіру жөнінде парламенттік тыңдауды» түсіндіру жиналысы өтті. Жиынға БҚО тілдерді дамыту басқармасының бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Г.Бисенғалиева, педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі А.Қыдыршаев, М.Өтемісұлы атындағы университеттің оқытушысы, филолог А.Ақболатов, М.Өтемісұлы атындағы университеттің оқытушысы, филология ғылымының докторы Н.Ахатова қатысты. Жиын барысында түсіндіру тобы латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын түсіндіре келіп, қойылған сұрақтарға жауап берді. Жалпы алғанда, республика көлемінде латын графикасына көшудің үш кезеңдік жоспары жасақталды. Алғашқы кезең 2017 жыл – бұл мәселенің маңыздылығы мен қажеттілігін қоғам санасына сіңіру кезеңі. Бұл үшін әр сала, әр ұлттың өкілдерінен дайындап, ақпараттық топ құрып, кеңінен насихаттық жұмыстары жүргізілуде. Екінші кезең – 2018-2019 жылдары қазақ жазуының латын әліпбиіндегі бірыңғай стандартты нұсқасына қоғамды бейімдеу шаралары іске асырылады. Үшінші кезең – 2020-2025 жылдарда іс- қағаздарын латын әліпбиіне көшірудің кестесін бекітіп, іске асыру жоспары тұр.