Пленарлық отырыстан соң, форум делегаттары мен қонақтары аудандық мәдениет үйі мен Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінде секциялық отырыстар өткізді. Секциялық отырыс еркін форматта кездесу, тәжірибе алмасу түрінде өтті. Аудандық мәдениет үйінде әнші, «Дарын» жастар премиясының иегері И.Ескендір, С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры А.Ойшыбаева жастарға Алашорда үкіметінің тарихынан сыр шертіп, «Алаш жолымен...» атты Жымпиты – Семей бағытындағы экспедицияның сапары жайында әңгімеледі. Сонымен қатар Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте ақын, «Шабыт » халықаралық фестивалінің лауреаты Қ.Сарин және айтыскер ақын Б.Ширмединүлы жастармен қазіргі болып жатқан саяси ахуалдар жайында, қазақ поэзиясының қазіргі жеткен жетістігі мен кемшін кеткен тұстары хақында сөз қозғады. Секциялық отырыстар еркін форматта болғандықтан жастар өз ойларын ортаға салып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алып, еліміздің болашағына немқұрайлы қарамайтындықтарын аңғартты.