Бүгін Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев қайырымдылық айлығына орай ауданның белсенді ардагерлерімен кездесті. Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов, аудандық мешіттің наиб имамы Нұрсұлтан Беков қатысты. Ашық әңгіме алаңына айналған кездесу барысында аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы биыл ауданда жасалған жұмыстар, ауданнан ұйымдастырылған тарихи экспедициялар, Сырым Датұлының 275 жылдығы, Алашорда Үкіметінің 100 жылдығы аясындағы шаралар туралы айта келіп, Сырым елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, әр округтегі инфрақұрылымның өркендеуіне жеке-жеке тоқталды. 

Қариялар да өз кезегінде көкейде жүрген ойларымен, ұсыныстарымен бөлісті. Елдің игілігі үшін ұзақ жылдар қызмет еткен ардагерлер аудан басшысына жақсы отырыс үшін алғыс білдіріп, ауданның толайым табыстарына деген разылықтарын жеткізді. Ауданда дарынды балаларға арналған гимназия салу, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жетіспеушілігі, жол, су, байланыс, дәрігер мамандардың тапшылығы туралы айтқан ардагерлердің ұсыныстарын Т.Төреғалиев қабыл алып, сауалдарына жауап берді. 

Сырым ауданының прокуроры Қанәбіл Төремұратов аудандағы мал ұрлығы мен теріс діни ағымда жүрген жастарды тезге салу үшін ардагерлердің қолдаулары, жастарға ақылы қажет екенін айтты. 

Ардагерлерге аудан әкімдігінің қолдауымен жарық көрген "Отты жылдар жаңғырығы" атты естелік кітап табыс етілді.