Самара-Шымкент ұзын жолы бойындағы орналасқан Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылдық округінің (бұрынғы «Қызыл ту» колхозы) тұсындағы биік қырқаның үстінде қос қанатын қомдап, аспан көгінде қалықтай самғаудан соң, сәл тыныстанып отырған бүркіттің сом бейнесі көзге шалынады.

Бірде менің назарым жанарын алысқа қадай, сәл мойынын бұра отырған осы бүркітке ауғаны бар.

Биік қырқаның үстінде орналасқан бүркіттің қасында естелікке суретке түсушілерді кездестірдім. Әрі осы маңға келушілердің қарасы көп екендігін де ұзын жол мен қырқа арасындағы түскен жалғыз аяқ ізге қарап байқауға да болатын еді. 

Осы тұрғыда көңілді мынадай ойдың да мазалағаны бар. Апырмау, қазақ елінің өз алдына тәуелсіздік алып, елтаңба мен қыран бейнесі бейнеленген көк туымыздың желбірейтін сәтін сонау кеңестік дәуірде сезіп, осы мүсінді қырқаға сомдап орнатқан шебер кім болды екен? Немесе, бүркіт келбетін сомдап, биік қырқаға орналастыруға мұрындық болған лауазымды тұлға кім?

Осы сауалдарды қырқа басындағы бүркіттің қасында естелікке суретке түсуші жолаушылардың да маған қойғаны бар. Көңіл тояттарлық, мардымды жауап айта алмадық.

Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев те осы мәселе жөнінде біраз ізденіс танытып, көз көрген көне көз қариялардан сұрастырып көрсе де нәтижелі деректер болмады. 

Сонымен, тобықтай сөздің түйінін айтар болсақ, жол жиегіндегі қырқадағы бүркіт бейнесін сомдаған, оған мұрындық болған кім екен?

Осы сауалдарға нәтижелі де мардымды жауап табылып жатса мұның өзі тарихымызды түгендеп, салт-дәстүрімізді жаңартып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына қосылған сүбелі үлес болған болар еді.