2017 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығы аясында Сырым Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінде «Музейге – бір жәдігер» акциясына атсалысқан, «Қарттарым асыл қазынам» атты дөңгелек үстел оздырылды. Шараның негізгі мақсаты, қарттарымыздың қолындағы жәдігерлері мен айтар әңгімелері арқылы рухани дүниелердің көзін жинау болып табылады. Жыл басынан бері өтіп жатырған акцияға ауданның барша тұрғындары, мекемелер мен жастар ат салысты. Акцияның түйінін қояр шараға қатысушылар бір – бір сыйымен келгені қуантады.

Олардың қатарында, Шымкентте өткен Алаштың 100 жылдық тойынан әкелген кітаптары мен шағын кілемшесін тапсырған «Сырым жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұртілеу Болат, өзінің туған жерін фотосуреттерімен сақтап жүрген Ағеділ Нұрмашев, Сырым аудандық театрдың тарихын табыстаған Айгүл Лұқпанова, Қособа орта мектебінің сурет үйірмесінің жетекшісі Мусағали Сұлтанғалиев ағамыздың «Сырым батыр» картинасын табыстаған, аудандық шығармашылық орталықтың көркемдік жетекшісі Эльдар Аубакиров, аудандық ардагерлер ұйымының мүшесі ардагер ұстаз Ким Федянин, Сырым колледжінің аға оқытушылары Тельман Исатаев пен колледж студенттері қатысты. Осыған дейінде музейге ауданымыздың азаматтарынан біраз құнды жәдігерлер түсті. Олардың қатарында, ғасырға жуық құндылығы бар дүниелердің де бар екені қуантады.