Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев «2017 жылдың үздік педагогы» атанған Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Қуандыққызы Тұржігітованы қабылдады. 

Аудан басшысы үздік педагогты айтулы жетістігімен құттықтап, аудан ұстаздары арасында алғаш рет осындай куәлікке ие болғаны үшін, білім саласына қосып келетін қомақты үлесі үшін алғыс білдірді. 

Гүлжан Қуандыққызы ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтен алған «Үздік педагог» куәлігі 21 жылдық ұстаздық өтіліндегі ең үлкен жетістігі екенін айтты. «Бұл жетістікке қол жеткізуіме бірден-бір себеп – шәкірттерім»,-деді Г.Тұржігітова. Еңбек жолын жас маман ретінде бастаған Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте табан аудармастан еңбек етіп келетін ұстаз мектепте білім берген Г.Сәлімгереева, М.Бектемісова сынды ардагер ұстаздардың алдын көріп, тәжірибелерін бойына сіңіргенін жеткізді.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева Г.Тұржігітованың еңбек жолымен, жетістіктерімен, білім додаларында оқ бойы озық көрініп жүрген шәкірттерімен таныстырды. Н.Оразахынованың сатылай кешенді талдау технологиясы бойынша тәжірибесін тарату мақсатында брошюралар шығарылды. Г.Тұржігітова – «Қазыналы Қадыр әлемі» атты Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығын оқытудың тәрбиелік мәнін ұғындыратын әдістемелік кітаптың авторы. 

Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры Марат Ақбасов Гүлжан Қуандыққызының тәжірибелі, жоғары категориялы маман екенін, Ұлыбританияның Кембридж университетінің Білім беру факультетімен бірлесіп әзірленген деңгейлі бағдарламасы аясында үшінші, екінші және бірінші деңгейлі бағдарламалық курсынан өткенін айтты. «12 жылдық мектептің негізгі жалпы білім беретін сатысына арналған базистік оқу жоспарының ерекшелігі» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізіп, жаңашыл ұстаз ретінде 2014 жылы облыстық 12 жылдық эксперимент мектептеріндегі «Үздік тәжірибе алаңы» командалық байқауына қатысып, «Үздік жаңашыл алаң» аталымына ие болғанын мақтанышпен әңгімеледі.

«2017 жылдың үздік педагогы» атағына республика бойынша 48 ұстаз ие болса, оның 4-еуі өңірімізден. Тамыз айында үздік ұстаздардың жұмысы республикаға жіберіліп, қыркүйек айының соңында қорытындыланған болатын.