Уяма ТОМОХИКО, ғалым, Жапонияның Саппора қаласындағы Хоккайдо университетінің жанындағы славяндық және еуразиялық зерттеу орталығының директоры:

Бұл менің Жымпитыға екінші рет келуім. Осыдан он жыл бұрын бір келгенмін. Жымпиты қалашығын Жаһанша Досмұхамедов және Халел Досмұхамедов секілді зиялы адамдардың еңбек еткен жері екенін де жақсы білемін. Мен ол кісілер туралы көп оқыдым. 

Мені қуантқан бір жаңалық – Жымпитыдағы кезінде Алашорда үкіметі орнаған тарихи ғимараттың мұражайға айналғаны. Мұражай өте қатты ұнады. 
ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары тәуелсіз қазақ мемлекеті үшін Жапония мемлекетінің даму моделін негізге алғысы келді. Бұл олардың құрғақ арманның емес, нақты мақсаттың, жоспардың иелері екенін білдіреді.
Алашорда үкіметінің нақты жоспары болды. Ол жоспар бүгін орындалды. Қазақстан - қазір әлемдегі қарқынды даму үстіндегі елдің бірі. Елдің ішкі және сыртқы байланыстары сауатты. Қазақстанның болашағы бар.