Бүгін Сырым ауданына біркүндік сапармен Орал қаласындағы жалпы үлгідегі әлеуметтік – медициналық мекемесіндегі жерлестер келді. Қайырымдылық шарасын Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық және «Сырым жастары» ЖҚБ , «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» ҚБ және «Сырым жауһарлары» ұйымдары ұйымдастырып отыр.

Меймандарды аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов, аудандағы ардагерлер кеңестерінің төрағалары Әнуарбек Ғалымов, Ғилаж Қаналиев қарсылады. Кейін олар күннің белгіленген бағдарламасына сәйкес әуелі аудандағы мәдени – тарихи орындармен танысты. Келушілер үшін С. Датұлы атындағы мәдени – демалыс саябағы, Алаш саябағы, С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің мұражай бөлмес, сонымен бірге Жымпиты ауылының көрікті жерлері көрсетілді.

Түсте құрметті дастархан жайылып, ауданның жастары концерттік бағдарлама ұсынды. Қонақтардың барлығына сыйлықтар табыс етілді.

Қайырымдылық айлары кезінде аудандағы көркемөнерпаздарының облыстық мекемелерге барып концерт беру жыл сайынғы дәстүрге айналған. Жерлестерін елге алып келіп, танымдық сапар ұйымдастыруды Сырым ауданы бірінші болып қолға алып отыр.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осындай игі жұмыстарға да бастама болып жатқанын айта кету керек.