Кешегі жексенбіде Жымпиты ауылына арнайы сапармен Жапонияның Саппора қаласындағы Хоккайдо университетінің жанындағы славяндық және еуразиялық зерттеу орталығының директоры, ғалым Уяма Томохико мен Өзбекстанның Ташкент қаласынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Кахроман Раджабов келді.

Меймандарды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады.

Шетелдік әріптестерін таныстырған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Батыс Қазақстандағы тарих және археология орталығының директоры Мұрат Сыздықов ғалымдардың сапары туралы айтты. Ол кісілер кезінде Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесі орнаған тарихи мекен Жымпитыны көру үшін арнайы келген екен. 

Уямо Томохико - қазақ тарихына қатысты мәселелерді зерттеп жүрген әлемдік ғалымдардың бірі, ғалым болғанда тап – таза алаштанушы.

Томохико мырзаның Алашорда үкіметінің жұмысы мен оның қайраткерлерінің өмірін зерттеуге ықылас қойғанына отыз жылға жуықтапты. Жапондық ғалым өзінің Алаш тақырыбына деген «махаббатын» отандық баспасөз беттерінің біріне берген сұхбатында:

- Мені қызықтырған олардың көзқарастары. Мәселен, Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және еуропашылдық идеямен қатар, қазақ дәстүрін және қазақтықты сақтап қалу идеясы болды. Сондай-ақ ол модернизациялық және кәсіби көзқарастарға да бай болды. Маған осы қатты ұнады. – деп түсіндірген. 

Мирзо Улукбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Кахрамон Раджабов та Алаш қозғалысы туралы тақырыпқа тереңірек түскен тарихшының біреуі. Қазақстандағы тарих қоғамына бұл ғалым түркі әлемінің ортақ тарихын тануға үлес қосушы азамат ретінде белгілі. Кахрамон Раджабовтың, жаңағы Уяма Томохиконың да еңбектері Алаш идеясы турасында түсінік беруімен, идеяны жүзеге асыруда саяси тұрғыда аса қомақты табыстарға жеткен үкімет мүшелері туралы кеңірек көрсетулерімен ерекше. Өздерінің айтуына қарағанда, Алаштың астанасы атанған Жымпиты сапары олардың жаңа ғылыми еңбектері үшін жүк болатын сыңайлы.

Ғалымдар Жымпитыдағы уақыттарында С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі мен Алаш мұражайында, ақын Қадыр Мырза Әлінің ескерткішінде, Алаш саябағында болды.