Жымпиты ауылдық округінің жергілікті қоғамдастық жиыны өтіп, оған жергілікті қоғамдастық төрағасы Ахмет Батыршин төрағалық етті. Жиынға аудан әкімі Төлеген Төреғалиевқатысты.

Күн тәртібінде Жымпиты ауылдық округі әкімі Қайрат Төлеповтың жұмыстан өз еркімен босату жөніндегі өтініші қаралды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Қ.Төлеповтың басқа қызметке ауысуына байланысты қызметтен босату туралы өтініші түскенін, ауыл әкімін аудан әкімі жергілікті қоғамдастық пен облыс әкімінің келісімімен қызметтен босататыны туралы айтты.

Жымпиты ауылдық округ әкімі Қ.Төлеповке сөз беріліп, ол он үш жыл бойы ауданда түрлі қызметте болғанын, облыстан жұмысқа шақырту туралы ұсыныс түскен соң, аттестациядан, әңгімелесуден өтіп келгенін тілге тиек етті. 

 

Ауыл тұрғындары Мәлік Ерниязов, Сәбит Бақтығалиев, Сағынғали Айтанов, Отарбай Сарғозиев, Тауфик Елеубаев, Жымпиты ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев, аудандық мәслихат депутаты, жергілікті қоғамдастық мүшесі Серік Тоқмамбетов 2014 жылдан бері Жымпиты ауылдық округ әкімі қызметін атқарып келген Қайрат Нұржанұлының жұмысына разы екендіктерін, кәсіби жоғарылауын қолдайтындықтарын айтып, облыста атқаратын қызметіне сәттілік тіледі. Қоғамдастық жиынының қаулысы шығарылып, Қ.Төлеповтың өтініші қанағаттандырылды. Қаулы облыс әкіміне ұсынылады. Шынар МОЛДАНИЯЗОВА