Қазақтың жақсы қасиеттерінің бірі -жомарттық, кеңпейілділік. "Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің" демекші аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы , "Сырым жастары" ЖҚБ және ауданымыздың белсенді жастарының ұйымдастыруымен өмірдің қиыншылығымен күресіп, туғанынан көз жанарынан айырылған Қособалық бүлдіршін Райым Раянаны, ата-анасын қолдау мақсатында "Жүрегіңнен жылулық сыйла!" атты қайырымдылық концерті өтті. Қайырымдылық концертіне аудан жастарымен қатар, көршілес Қаратөбе ауданының жастары да қолдау көрсетті. Қайырымдылық концертінде шалқыған би де, күмбірлеген күй де, асқақ ән де шырқалды. Шара соңында тұрғындарға сатылған концерт билетінен түскен қаражат пен қайырымдылық бұрышына қойылған кәсіпкерлер мен тұрғындардың ат салысуынан арнайы жәшікке жиналған 200 мыңға жуық қаржыны тұрғындар арасынан комиссия құрылып, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Д.Тайшиев Раянаның анасына табыс етті. Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған , көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, әр адамнан қайырымдылық , алақандарынан жылулық сезім күткен жандарға қолдау көрсету біздің басты борышымыз. Бүгінгі жас - Егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шығуына аз да болса көмегіміз тисе, бұл біз үшін үлкен қуаныш.