Аудан әкімінің ашық есік күндерімен округтерге сапары Сарой ауылдық округінен басталды. Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған Абай орта мектебін аралап, ауыл тұрғындарымен кездесті.Сарой ауылдық округ әкімі Айбол Жакиев жыл басынан бері ауылда атқарылған жұмыстарды атап өтті. 
Аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Саламат Иманғалиев «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының үш бағытын түсіндірді. Округ халқының жұмыспен қамтылу жайына тоқталды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев ауылға Аққолқа нүктесінен тартылған ауыз суға қосымша ұңғыма қызылып, қазір су қоры жетіп тұрғанын айтты. Аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Бердес Төлегенов жер беру тәртібін түсіндірді. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жайылымдық, шабындық жерлер конкурс арқылы берілмек. Шаруа қожалықтары егер жерлері болса, жазғытұры малдарын далаға апарып бағу керек.
Сарой ауылдық округіндегі үш жылдан бері егін егілмеген жерлері бар шаруашылық құрылымдарының жерлерін шабындық немесе жайылымдық жерге ауыстыруға мүмкіндіктері бар. Бүгінде елді мекендердегі жайылымдық жерлерді кеңейту туралы жұмыстар қолға алынды. Ауыл тұрғындары ауылда су нүктелерін көбейту, жайылымдық жерлерді кеңейту, жарық, бөгет, мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді.

Халықтың ұсыныстарын тыңдаған Төлеген Серікқалиұлы ауданда қолға алынған іргелі істерді атап өтіп, айтылған мәселелерді шешу мүмкіндігін қарастыратынын айтты.