Жаңа жүйені сумен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртынан 6 бірдей су ұңғымасы қазылған. Барлау нәтижелері көрсеткендей бұл ұңғымалардағы судың литрге шаққандағы өнімділігі қалыптағы көрсеткіштен 5 есеге артық. Судың мынадай өнімділігі жағдайында Аралтөбе ауылын ауыз сумен қамту үшін бір ұңғыманың өзі жеткілікті. Жүйенің екінші нүктесінің басында сыйымдылығы 25 текше метрді құрайтын су мұнарасы мен су тазарту станциясы орналасқан. Осы жерде су жиналатын 200 текше метр бір резервуар мен көлемі 75 текше метрлік қосымша үш резервуар және бар. 
Салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, мердігер, «ГазСтрой» ЖШС директоры Ю.Қазиев қатысты. 
Мемлекеттің дамуы тұрғындарының тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Кейінгі жылдары Аралтөбе ауылдық округінде үлкен жұмыстар жасалды. Округ орталығы мен елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Ұялы байланыс жүйесі жаңа сапамен жұмыс істеп тұр. Елдің егемендігі мерекесінің қарсаңында ауылдастардың тағы бір қуанышына ортақтасудың мүмкіндігі туды. Таза ауыз су енді әрбір аралтөбеліктің үйіне дейін жетті. Жақсылық құтты болсын!-деді аудан әкімі өзінің құттықтау сөзінде. 
Жаңа ауыз су жүйесін салтанатты түрде іске қосу рәсімін аудан әкімі Т.Төреғалиев пен округтегі ардагерлер Кеңесінің төрағасы Р.Аманғалиев жүргізді.
Бейбіт Бисенов, ауыл тұрғыны:
Көгілдір отын келгенде қатты қуанғанбыз. Газ – ауыл адамының арманы еді ғой. Бүгін Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ауыл ауыз судың жаңа жүйесіне қосылды. Газдың келуінің өзі ауылға кәдімгідей ажар әкеліп еді, енді үй-үйге жеткен таза ауыз су тұрғын үйлердің де қолайлылығын арттыратыны сөзсіз. 
Шынын айту керек, ауылдағы тұрмысымыздың қала тұрмысынан айырмашылығы болмай бара жатыр. Тіпті, қазір ауылдан қалаға көшу сирек, керісінше қаладан ауылға көшу жиіледі. Бір-екі жылда Аралтөбенің өзіне қаладан 4-5 жанұяның шамасы көшіп келді. Ауылға береке кіре бастады деген осы. 
Біздер аралтөбеліктер әуелі іс басында жүрген азаматтарға разымыз. Жұмыстар өте жүйелі жүрді. Тұралау, тоқтау болған жоқ. құбырлардың құрылысы кезінде де ауыл ауыз сусыз қалған жоқ. Ең ерекше алғысты мердігер серіктестік «Газстрой»-дың ұжымына айтамыз.