Әрбір ел өзінің тәуелсіздігі мен бостандығын ең басты байлығы деп санайды. Халық үшін Отанның азаттығынан қымбат ешнәрсе жоқ. Ата – бабаларымыз ғасырлар бойы осы азаттық үшін айқасып, кең байтақ өлкені бізге мәңгі мұраға қалдыру жолында күресті.

Бүгін Тәуелсіздік мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Т.Төреғалиев аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, бірқатар үздіктерді «Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен», «Сырым ауданының Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар Сырым аудандық Ішкі істер бөлімі ардагерлер ұйымының төрағасы А.Жұмажанов бірқатар ішкі істер ардагерлері мен қызметкерлеріне «Кеңес милициясына – 100 жыл» , «Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері» және «Милициядағы қызметі үшін» медальдарін табыстады. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қ.Жакиев пен аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының жас ақындар үйірмесінің жетекшісі М.Жампозов тұрғындарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, 26 жыл ішінде еліміз өз арнасын тапқан, қорғаныс қабілеті бекемденген елге айналғандығын тілге тиек етті.Шараның екінші бөлімі «Тәуелсіздік - елімнің ерлік жолы» атты аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Бүгінгі біздің Тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресімен, азаматтыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр. Тәуелсіздік туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз- тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Ендеше Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!