Бүгін ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Жымпиты ауылынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 14 бір пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Елбасы Н. Назарбаевтың тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді түрде шешу үшін ұсынған «Нұрлы жер» бағдарламасы өзінің игілігі дүние екенін осылай дәлелдеуде.

Салтанатты шараға қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, үйлердің құрылысын жүргізген мердігер, «Сәтті сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәбит Рахметов тұрғындарды қоныстоймен құттықтады. Сырым аудандық тұрғын - үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиевтің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа тұрғын үй кезектілік тәртібі бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын 5 адамға, қамқоршысынан айырылған балалардың санатындағы 2 адамға, тұрғын үйлері апатты деп танылған 2 азамат пен 2 мемлекеттік және бюджеттік саланың қызметкеріне берілген. Жаңа тұрғын үйдің иелеріне кілтті салтанатты түрде аудан басшысы Төлеген Төреғалиев тапсырды.
Жаңа үйдің иелері атынан «Алтын алқа» иегері Гүлсім Кенбаева сөз сөйледі. 
Айта кетейік, құны 134 млн теңгені құрайтын бұл жобаның құрылысы осы жылдың шілде айында басталған еді. Мердігерлер жұмыстарын мерзімінен бұрын әрі сапалы аяқтап отыр. Тұрғын үйдің әрбіріне инженерлік – коммуникациялық желілер толық жеткізілген. Бір пәтердің жалпы ауданы 85, 5 шаршы метрді құрайды.