Сырым ауданындағы ауылдық округ әкімдерінің сайлауында Бұлдырты және Елтай ауылдық округтерінің әкімдері жаңадан сайланғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Бұлдырты ауылдық округінің активіне округтің әкімі Ерлан Мақашевты таныстырды. 

Ерлан Мақашев осыған дейін де Бұлдырты ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. Мерзімі бітуіне байланысты қайта сайланған әкімнің алдында тұрған міндет көп. Келесі жылы Бұлдырты ауылдық округі дербес бюджетке ие болады деп жоспарлануда. Осы арқылы Бұлдыртының әлеуметтік – экономикалық дамуы жаңа бағыттарды айқындайды. Сонымен қатар, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев округ әкіміне жергілікті мектеппен бірлесіп ауыл тарихын түгендеу жұмыстарын жүргізуді де тапсырды. 
Актив жиналысынан кейін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев орынбасары Ерболат Ахметовпен бірге Бұлдырты ауылының С. Датов көшесінен салынған 10 бір пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарының аяқталуымен танысты.