Сырым аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы талқыланды.Жиынға аудандық білім беру бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Дамир Кажиахметов төрағалық етіп, мектеп директорлары, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.


Д.Кажиахметов Елбасы Жолдауындағы жетінші міндет «Адами капитал - жаңғыру негізінде» басымдық берілген мәселелерді атағанын, білім берудің жаңа сапасын, барлық жастағы адамдарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйені құру қажеттігін айтқанын, білім беру саласын көптеген өзгерістер мен жаңалықтар күтіп тұрғанын айтты. Білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу 2021 жылы аяқталады. Елбасы Жолдауында айтылғандай, 2018 жылдың 1 қаңтарынан мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 30%-ға көбейеді.