Аудан, ауыл әкімдерінің есеп беру кездесуі бүгін Бұлдырты ауылдық округінің Көгеріс, Жосалы ауылдық округінің Тамды елді мекендерінде өтті. Қос елді мекендегі халықпен кездесу жиынына аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов, аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дамир Қажиахметов қатысты. 

Түске дейін жиын Көгеріс ауылында өтті. Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев өткен жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Ауыл әкімі округтің мал шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту салалары бойынша атқарылған жұмыстарды мәлімдеп, табиғи өсімнің артып, сәбилердің дүниеге келуі көбейгені, 10 тұрғын үй салынып, енді тұрғын үй кезегінде бір ғана адам қалғаны, елді мекендегі бөгетті бөгеу жоспарланып отырғаны жайында айтты. Көгеріс ауылынан шығып, республикалық «Жайдарлы жас ұлан» ойынына қатысқан «Біздің уақыт» командасына қолдау көрсеткендері үшін ауыл тұрғындарына және команданың жетекшісі Мерей Меңжановқа алғысын жеткізді. Көгерісте өткен жылы 10 көше шамы ауыстырылыпты. Округ бойынша 23 мал ұрлығы тіркеліп, оның 9-ы ашылған. Мал ұрлығы бойынша қылмыскер анықталғанша арыз жазып, тауып беруді талап еткен тұрғындар қылмыскер табылған соң, кешірім бере салып, мал орнына ақшасын алады екен. Тіпті бір қылмыскер ұры 5 рет кешірім алған. Өткен жылғы аудан әкімінің есеп беру жиынында көтерілген мәселелер бүгінде біржақты шешілген.

 

Аудандық мәслихат хатшысы, Бұлдырты, Жосалы округтері бойынша аудандық мәслихат депутаты Шынар Дүйсенғалиева аудандық мәслихаттың жұмыс жасау ретімен, мәслихаттың өткен жылы атқарған іс-шараларымен таныстырды. 


Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов аудан бюджеті 4 млрд. 770 млн-нан астам теңгеге жеткенін,өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданда игілікті істер атқарылғанын атады. «Бірінші кезекте халықты көгілдір отынмен, ауыз сумен қамту мәселесі тұр. Биыл Бұлдырты, Жымпиты ауылдық округтерінің қаржысы өздеріне беріліп, атқарылатын мәселелер бірлесіп шешілетін болады. Кеңащыдан Жымпитыға су тарту үшін жасалатын жаңа жобамен жол бойындағы елді мекендер де «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауыз сумен қамтылады. Бұл елді мекендердің ішінде Көгеріс те бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 20 жоба жүзеге асырылып, биыл да жалғасын таппақ. Көгеріс ауылынан домбыра сыныбын ашу қажет. Мал ұрлығын азайту мақсатында малды таңбалап, сырғалап, құжаттарын жасап, санағын дұрыс беру қажет. Ұрланған мал даладан жоғалса, оған мал иесі жауапты. Сондықтан малға немқұрайлылықпен қарауды қою керек, -деді аудан әкімінің орынбасары Асланбек Ахметоллаұлы. 


Ауыл тұрғыны Боранбай Сарбөпеев әкімдердің есебіне оң бағасын беріп, ауылға «Билайн» ұялы желісі қажеттігін айтып, ауылға көшіріліп әкелінген үш балалы отбасына көмек беруді сұрады. Қайша Ешмаұханбетова алкоголь өнімдерін сатудың заңдылықтары жөнінде сұрап, оған тиісті жауап берілді.


Жиыннан соң,аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева жөнделіп жатқан Көгеріс негізі мектебін, фельдшерлік пункт, салынып жатқан ауылдық клуб құрылысымен танысты. 

 

Тамды елді мекені көгілдір отынға, «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауыз суға қосылған. Мұнда 14 тұрғын үйге газ кіріп тұрса, 43 тұрбаның тек екеуі ауыз су кіргізбеген. Енді Тамды полигон аумағын қоршау жоспарлануда. Бұл ауылда өткен есеп беру жиынында Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешов өткен жылдың атқарылған жұмыстарын баяндады. Мұнда ауыл тұрғындары тарапынан Тамды елді мекенін абаттандыруға бөлінген қаржы көлемі, жедел жәрдем көлігін жөндеу, көше жарығы, көшелердің атаулары жазылған тақтайшалар ілу, электр бағаналарын ауыстыру, трансформаторды жөндеу, ауыл клубының жылу жүйесінің жөнделуі сияқты мәселелер көтерілді. Қойылған сауалдарға орай аудандық электр торабының бас инженері Серікбол Мұқанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Салауат Нұрпейісов жауап берді. Тамды елді мекенінің электр бағаналарын ауыстыру биылға жоспарланса, ауылдық клубты жөндеу назарға алынатын болды. Аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева ауылдық клуб меңгерушісі Б.Ихсанов сұраған музыкалық аппаратураның алып берілуін қадағалайтынын айтты.