Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық қоғамдық кеңестің отырысында Сырым ауданының 2017 жылдағы әлеуметтік - экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Отырысқа кеңес мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, сонымен бірге облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Жұмажан Қожжанов пен Алтынай Есқалиева қатысты.

Аудан әкімінің есептік баяндамасының тезистері осыған дейін «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің бетінде жарияланды. Бірақ, әкім екпін түсіріп кеткен кейбір мәселелерді біздің де атап кеткіміз келіп отыр. Ауданның агроөнеркәсіп кешенінің алдындағы тұрған негізгі мақсат – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысушы құрылымдарлың қатарын көбейту. Күні бүгін ауданда 12 шаруашылық асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуда. Олардағы мал басы саны 3111 басты құрап отыр. Жоғары сапалы ет өнімдерін өндіру мәселесі де – осы саланың күн тәртібінде тұр. Биыл ауданның таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 74, 5 % ө – ды, ал газдандыру пайызы 99 – ды құрады. Бұл көрсеткіштердің артында жергілікті басшылықтың айлапат жұмыстары жатыр.

Мемлекет басшысы кешегі «Төртінші энеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстан үшін «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы жаңа тиімділіктерді көздейді деп атап өтті. «Цифрланудың» тиімділігі бүгін ауылдарға да жетіп үлгерді. Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Altel және TELE2 ұялы байланыс операторлары өзінің абоненттері үшін 4G жоғары жылдамдықты ұялы интернет тарата бастады. Бұл туралы аудан әкімі Төлеген Төреғалиев өзінің есептік баяндамасында мәлімдеді. 

Осы сияқты қоғамдық кеңестің күн тәртібінде аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева мен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Дүйсенғалиевтің де есептері тыңдалды. Баяндамаларға қатысты пікірлер мен ұсыныстар білдірілді.