Қазақстандықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауының әрқайсысын жақсылықтың әліппесі сияқты бағалайды. Расымен де солай. Жолдаулар жүзеге асқан сайын, елдің де еңсесі тіктеліп, беделі биіктеп келеді. 

Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа жолдаумен де, мемлекет басшысының мәлімдемесімен де жақсылап таныстым. Айтылған барлық мәселені қолдаймын. 

Мен 1993 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Жолдауда көрсетілген азаматтардың өзін – өзі жұмыспен қамтуы, жеке кәсіп бастауы, халықты нәтижелі жұмысқа тарту сияқты мәселелер маған жақсы таныс. Себебі, кәсіпкерлікті қолға алған кезімде менің де негізгі мақсатым – өзімді өзім жұмыспен қамту еді. Мақсат орындалды. Ел дамыған сайын, біз де жетіліп, дамып отырдық. Бүгінгі күні Жымпиты ауылындағы «Аққу» дүкендер желісі мен бір кафенің иесімін. Ұжымымда 7 бірдей адам тұрақты жұмыс жасайды. 

Жолдау отандық өнімнің көлемін арттыру мәселесін биыл тағы көтерді. Отандық өнім шығару үшін –көлік құрастыру, техника шығару не киім тігу шарт емес. Қалада, мейлі ауылда өнсін, бастысы елде өнген нәрсенің бәрі – отандық өнім. Біздің жеке кәсіпкерлік кешегі жылдың аяғында наубайханасын іске қосты. Қазіргі күні дүкен сөресіндегі және қоғамдық тамақтану орынындағы нан өнімдерін өзіміз өндіреміз. Өзімнің ұжымымды отандық өнім өндірушілердің қатарына қосамын.