Көрме келушілері кітапхана қорындағы ХІХ – ХХ ғасырдағы өлке тарихына қатысты сирек және раритеттік басылымдар, 1967 – 2017 жылдар аралығындағы ақын – жазушылардың авторлық қолтаңбаларымен ұсынылған әдебиеттер, «Қазақстанның киелі жерлері» бағдарламасы арқылы жарық көрген «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары», «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» сияқты танымдық басылымдардың электронды нұсқаларымен танысты. 
Көрмеге қойылған ең көне кітап – 1793 жылы басылған тарихи сөздік. Осы секілді, Аббат Миллоттың 1820 жылы жарық көрген еңбегі, «Ұлы тұлғалардың өмірі» сериясымен басылған А. С. Пушкин, Л. Толстой, М. Е. Салтыков – Щедрин сияқты қаламгерлердің кітаптарының алғашқы даналары көрменің сөресіне шығарылған.
Көшпелі кітап көрмесінің жауһарлары деп, 1927 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің Президиумі латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданған тұста латын әліпбиі негізінде жарыққа шыққан 1929 – 1940 жылдардағы әдебиеттерді атап өтуге болады. Облыстық кітапхананың қызметкері Аягүл Нуфлуллинаның айтуынша, облыстық кітапхананың қорында 16 мыңдай сирек кездесетін көне кітаптар болатын болса, оның ішінде латын қаріпімен басылған 17 кітап бар екен.
Осы күні М. Есламғалиев атындағы Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған библио – альянс өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы