Ел жастарын ортақ мүддеге ұйыстырған «Жас Отан» Жастар қанатының ел ордасы Астанада өтетін IV съезіне Батыс Қазақстан облысынан 44 делегат 24 наурыз күні жолға аттанды. Делегация құрамында «Жас Отан» ЖҚ мүшелері, «Жас Отан» ЖҚ аудандық филиал төрағалары, белсенді жастар, шақырулы қонақтар және БАҚ өкілдері болды. Конференциямен бастау алған кездесу ІІІ бөлімнен тұрды.Алдымен ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Абдықалықова Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды: «Жас Отан» - елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын мыңдаған білімді де, белсенді жастардың бастарын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жастар мәселесі менің де, мемлекеттің де ең басты назарында болып, бұл салада көптеген бағдарламалар жүзеге асты.

Мен осынау еңбектің жемісі мен қамқорлықтың жылуын жастардың жақсы білетініне кәміл сенемін. Қазір бүкіл әлем ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде. Төрткүл дүние төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Біз ұзақ мерзімді мақсаттарымызға қол жеткізу үшін осындай қарқынды өзгерістерді де пайдамызға сәтті жүзеге асыруымыз қажет. Сол үшін біз Қазақстанда саяси-экономикалық, рухани және әлеуметтік жаңғыруларды қолға алдық», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына ерекше тоқталған. Себебі аталған құжатта ұлттық сана мен таяу жылдары қолға алуды қажет ететін міндеттер белгіленген. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу, цифрлық технологиялар, үш тілді білім беру және тағы басқа маңызды мақсаттар бар. Ал, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауда жаңа заман талаптарына бейімделу мен жоғары жетістіктерге жетудің жолдары көрсетілді. Бес әлеуметтік бастама да біраз мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Биылғы Съезде жастарға мейлінше еркіндік берілді. Есесіне олар қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өз көзқарастарын ашық білдіріп, оларды тиімді шешудің жолдарын ұсынды. Көптеген тың идеялар мен игі бастамалар айтылды. 
Бұл съез арқылы Отанымызды одан әрі көркейту үшін аянбай еңбек етуге дайын жаңа, жас, заман талаптарына бейімделген буынның өсіп келе жатқандығын айқын аңғардық.

Нұртілеу Болат
"Жас Отан" Жастар қанаты аудандық филиалының төрағасы