Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда 1 – наурыз Алғыс айту күні мерекесіне орай «Ризамыз бүгінге!» атты мерекелік шара өтті. Шараның салтанатты ашылуында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

- Алғыс айту күнінің халықаралық дәрежесі жоқ, дегенмен бұл мейрамның, бұл сезімнің біздің бірлігіміз үшін үлкен маңызы бар. 

Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл күн – түрлі ұлт өкілдеріне қорған болған Ұлы Дала еліне деген алғыс күні. Мейрам құтты болсын! – деді өзінің сөзінде аудан әкімі.

Осы сияқты аудан тұрғындары Тамара Сбытникова, Нұрлан Баймұратов, Лида Құрматова мерекеге орай лебіз білдірді. Мерекелік шарада Сырым ауданы көркемөнерпаздары өнер көрсетті.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Сырым ауданында 274 өзге ұлт өкілі тұрады. Олар Алғыс айту күнін науқандық шара деп емес, бірлік пен ынтымақтың мерекесі деп біледі.