Бүгін Мұқадес Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Әдеби дастархан» атты оқырман әйел-аналардың қатысуымен мерекелік кеш өтті.

Кешке ардагер кітапханашылар, оқырман әйелдер, кітапхана директоры А.Уалиахметова қатысты. Шараны кітапханашы Г.Жантурина жүргізіп, оқырмандарға сұрақтар қойып отырды. 
Аналарға арнап жайылған дастархан басында нәзік жанды оқырмандар өздерінің оқыған кітаптары, алған әсерлері туралы, бүгінгі жастарды кітап оқуға қызықтыру жайында әңгімеледі. Ардагер кітапханашылар Р.Қапанова, Г.Қайжан, З.Тұралбекова, М.Ихсановалар зейнетке шықса да, кітаптан қол үзбей, үнемі оқитындарын, соның ішінде қазақ классикасын ұнататындарын айтты. Сырым аудандық статистика басқармасының басшысы Г.Бекқожина детективті, аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының директоры А.Мұхамбетжанова мен Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ә.Траисова орыс классикалық әдебиетін, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаева тарихи монографияларды сүйіп оқитындарын айтты. Мұқадес Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры А.Уалиахметова соңғы оқыған Д.Қажымовтың «Донеділ» кітабы туралы әңгімеледі.

Кеште аудандық «Демалыс орталығының» әншілері М.Мұқанов, А.Сисенова, Н.Байниязовтар ана туралы ән шырқады. Шара соңында Айнұр Жасұланқызы кеш қонақтарына естелік сыйлық табыс етті.