Елбасының бүгінгі «бес әлеуметтік бастамасы» Қазақстанның қуаты мен әлеуетін әлемге танытты.

Президент ұсынған қадамдардың маңызы мен ауқымдылығы тұрғысынан Қазақстанның әл-ауқатын еселеумен бірге әлемдегі «әлеуметтік мемлекет» тұжырымдамасының қазақстандық моделін нақтылай түсті. 

Әлеуметтік мемлекеттің қазақстандық моделі дегеніміз – әлеуметтік қолдауға мұқтаждарды қорғай отырып, адами капиталды үздіксіз дамыту арқылы еңбек өнімділігін арттыру және сол арқылы азаматтарымыздың әл-ауқатын күшейтіп, мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты бірте-бірте азайту. Сондықтан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» қазақстандық модельді одан әрі жетілдіріп, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруіне оң ықпал етеді деп сенеміз. 

Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мәселесін шешуде елдің әлеуметтік жаңғыруына базалық жағдай жасалып отыр. Осы бағытта Елбасы Үндеуінің төртінші қадамы «шағын несие беруді көбейтуді» қамтиды. Бұл мәселелерді шешу үшін 14 мың азаматқа 62 миллиард теңге көлемінде шағын несие беріледі. Бұл ауыл тұрғындарын шағын кәсіпкерлікпен қамтуға мүмкіндік береді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың мәселесін шешу оларды еліміздің экономикалық айналымына қосуға, салық базасының кеңеюіне жол ашады. Бұл ел экономикасын дамытудың маңызды қырларының бірі. 

«Бүгінгі бастамалар еліміз тұтас, қоғамымыз тұрақты болса ғана табысты жүзеге асады. Ал ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген», - деді Мемлекет басшысы. Ендеше азаттықтың ширек ғасырдан астам тарихында татулығы мен келісмін сақтай білген Қазақстан халқы үшін енді әрі қарай да айнымас ауызбірлігін, жарқын болашаққа ұмтылысы мен жасампаздығын бекемдей түсуі – парыз. Себебі Елбасы айтқандай, Үндеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. 


Сырым аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Бисенғалиев