Өлең атты құдіретті күштің киесін сезініп, қалам тербеу кез келгеннің бағына бұйыра бермейтін талант.

Назыкеш жаңа ғана бүр жарып, поэзия әлеміне еніп келе жатырған жас ақын. Осы орайда, талантты жас ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында және " Мейірімді көктем" акциясы барысында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және "Сырым жастары" ЖҚБ ұйымдастыруымен жас ақынмен кездесу кеші өтті. Айта кетерлігі, Назыкеш облыстық жас дарындар байқауы " Танылмаған талант" жобасына қатысып, аудан намысына қолдан бермей, дипломант атанып келген болатын. Кеш барысында аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының "Жас ақындар" үйірмесінің оқушылары және жетекшісі М.Жампозов, айтыскер ақын Б.Ширмединұлы жас ақынға жылы лебіздерін білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының және Орал қаласындағы "Сіздер үшін" студиясының қолдауымен Назыкеш Закарияқызының өлеңдері жинақталған " Мен өмір сүргім келеді..." деп аталған шағын жинағы басылып шығып, кеш соңында ақын қызымызға табысталды. Өз кезегінде жас дарын Назыкеш қонақкәде жасап, өзінің төл туындысын оқып берді. "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын"демекші, жақсы істің қолдаушысы болып, ақын қыздың өлеңдер жинағын басып шығарған "Сіздер үшін" студиясына алғысымызды білдіреміз. Шара соңында Назыкешке ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.