Бүгін Сырым ауданында 4 айға, 135 ойынға созылған 17 әуесқой команданың арасында шағын футболдан өткен Сырым ауданы чемпионатының 2017 – 2018 жылғы маусымы аяқталды. Қарсыластарымен 16 ойын өткізіп, оның 14 – інде жеңіске жеткен Сарой ауылдық округінің «Абай» командасы чемпионаттың чемпионы атанды.

Чемпионаттың күміс жүлдесін алаңдағы 16 ойынның 13 – ін жеңіспен аяқтаған. «Өлеңті» командасы иеленді. Осы команданың қақпашысы Ырысбек Гусманов чемпионаттың «Ең үздік қақпашысы» атанды. Қола жүлденің тұғырына «Достар» командасы тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегер аудандық мәдениет үйінде өткен чемпионаттың салтанатты жабылуы шарасында марапатталды. 

Аудан орталығының құрама командасының сапында ойнаған Думан Айташев чемпионаттың «Үздік қорғаушысы» болып танылды. Осы сияқты Рысбек Қоңыров «Ең үздік техникалық ойыншы», Ғабдылсамат Қанатов «Ең үздік ойыншы», Саясат Жігер «Ең үздік шабуылшы» атанды. Чемпион команданы жаттықтырған Мәди Кенесаринге «Үздік жаттықтырушы» құрметі берілді. Чемпионат ойындарына белсенді қолдау білдірген Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жанболат Мұхамбетжанов пен Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев «Футзал жанашыры» деген аталым бойынша марапатталды. Жосалы ауылдық округінің командасы «Жыл серпілісі», ал аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің командасы «Әдепті команда» аталымдарын алды. 

Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты Құспанкөл елді мекенінің «Құспанкөл» командасы чемпионаттағы әріптестеріне біразға дейін әл бермеген команданың бірі. Осы команданың шабуылшысы Әлібек Дошев чемпионаттың «Үздік сұрмергені» атанды. Ол чемпионат ойындары кезінде қарсыластарының қақпасына 45 мәрте доп енгізген. Осы қатарды 41 голдың авторы Ақтілек Пионеров пен есебінде 34 голы бар Нұрлыбек Сұлтанов жалғастырды. Жымпитылық мұғалім Алмас Әбдірахманов «Ардагер ойыншы», ал бұландық Қасиет Рақымжан «Жас ойыншы» деген аталымдарға ие болды. Чемпионаттың ұйымдастыру жұмыстарына белсенді араласқан Жасқанат Есламғалиевке «Қайсар» спорт клубының атынан арнайы марапат берілді. 

Марапаттау рәсімдерін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиев, жарыстың бас төрешісі, чемпионаттың «Үздік төрешісі» Руслан Чукуров, «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов жүргізді. Осы күні футзалдан 2018 жылғы Сырым ауданының кубогының да чемпионы белгілі болды. Бұл мәртебеге «Достар» командасы ие болды. Алаңдағы негізгі ойынды тең аяқтап, «Достарға» тек пенальтиде ғана есе жіберіп алған Жетікөл ауылдық округінің командасы жүлделі ІІ орыннан көрінді. 

«Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсановтың айтуынша, әуесқой командалар арасында шағын футболдан чемпионат өткізу ауданның спорттық тәжірибесінде алғашқы рет болып отыр екен. Нәтиже күткеннен де асып түсті. Чемпионат өткен 4 ай өрнекті ойындарға, секундтар себеп болған өкініштер мен қуаныштарға, алаңдардағы жанталастар мен трибуналарды жағалаған ыстық ықыласқа толы болды. 

Чемпионат тек чемпионды анықтаған жоқ. Бұл чемпионат ауданның алыс ауылдарында тұратын аса дарынды футболшыларды тапты. Чемпионат ауданның спорт мәдениетін жаңаша қалыптастырды. Ең бастысы, спорттың түпкі мақсаты – жеңіс емес, бірлік екенін, ал бірліктің нағыз жеңіс екенін дәлелдеді. – дейді кезінде осы чемпионатты ұйымдастыруға ұсыныс білдірген спортшы, футболдан жоғары дәрежедегі төреші Руслан Чукуров. 
Ұйымдастырушылар чемпионат дәстүрге айналады деп отыр.